Нұр-Сұлтанда көз жұмған ер адам туралы ақпарат шықты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

267 0 0

Бүгін таңертең тағы екі адамның коронавирустан қайтыс болғаны белгілі болды, оның біреуі Нұр-Сұлтанда көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Елорданың денсаулық сақтау басқармасы коронавирустан қайтыс болған адам туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Басқарма басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, 1950 жылы туған ер адам 11 сәуірде жедел жәрдеммен провизорлық стационарға жеткізілді. Оны бірден жансақтау бөліміне жатқызған.

«Туған-туыстары оның үш күн бойы ауырғанын айтқан. Дене қызуы 38 градус болды. Медициналық көмекке жүгінген жоқ. Ал ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді», — деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, марқұмның басқа да аурулары болған. Соның ішінде артериялық гипертензия, қант диабеті және жүректің ишемия ауруы бар. Осыдан 9 жыл бұрын оған аорто-коронарлық шунттау жасалған. Коронавирусқа жасалған сынама оң нәтиже көрсетті. Аурулары қозып, тыныс алуы қиындады. Екі жақты полисегментарлы пневмония болды. 12 сәуірде оны инфекциялық стационарға ауыстырған.

«Алайда 13 сәуірде сағат 22.20-да қарқынды терапияға қарамастан, науқас көз жұмды. Туысқандардың арасынан жақын байланыста болған адамдар коронавирусқа тексерілді, қазір үй жағдайында карантинде отыр», — деп атап көрсетті Қисықова.

Айта кетсек, Қазақстанда коронавирустан 14 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта індетті жұқтырғандар саны 1179 адамға жетті. 138 адам сауығып шықты. 

Оқи отырыңыз: Тағы 88 адам індетті жұқтырды

 



sputniknews.kz