Нұр-Сұлтанда карантин режимі қандай жағдайда аяқталады: Әкімдік жауап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұр-Сұлтан әкімдігінде карантин қандай жағдайда алынатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Нұр-СұлтанЕлорда әкімдігінің мәліметінше, қала әкімі Алтай Көлгінов кезекті рет тұрғындарды онлайн-форматта қабылдады, 50-ге жуық азамат қатысты. Азаматтар тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, үлестік құрылыс нысандары, карантин тәртібі және т.б. мәселелерді талқылауды ұсынды. Сұрақтардың бір бөлігі сол жерде шешілсе, қалғандары жұмысқа алынды.

«Қаладағы карантин режимін аяқтауға қатысты сұрақтар қойылды. Төтенше жағдай режимі тоқтатылып, карантинді жалғастыру туралы қаулыға қол қойылды. Санитарлық нормалардың сақталуын бас санитарлық дәрігерлер қадағалайды. Елордада карантин режимінің аяқталуы әр тұрғынның қойылған талаптарды қатаң сақтауына байланысты», — деді әкімдікте.

Бұдан басқа, блок-бекеттер де  алынған жоқ, олардың жұмысы жалғасып жатыр — қалаға кіру және шығу шектелген. Нұр-Сұлтанға қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарында жұмыс істейтін тұрғындар ғана кіре алады. Қызметкерлер тізімін Ақмола облысының аудан әкімдері береді.

«Тұрғындар әлі де санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет. Маска киіп, адам көп жиналатын жерлерде қашықтықты сақтауға міндетті», — делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетейік, қалада бірқатар нысан өз қызметін біртіндеп қайта бастап жатыр.

 

stan.kz