Нұр-Сұлтанда бір топ ана жәрдемақының жаңаша төленуіне наразылық білдірді

0
50

Дүйсенбі, 6 қаңтар күні Нұр-Сұлтандағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жиналған ондаған көп балалы әйел жаңа жылдан бастап жәрдемақының жаңаша төленуіне наразылық білдірді.

– Былтыр сәуірден желтоқсанға дейін бес балама үкімет 131 мың теңге беріп келді. Кеше барып, биылғы жылдың жәрдемақысын санатып едім, әр балаға тоғыз мың теңгеден берілетінін айтты. Сонда айына 45 мың теңге ғана болады. Сөздерінше, биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті жаңа форматта санап беретін болған екен, – дейді көп балалы ана Баян Қосқолова.

Жиналғандар биліктен көп балалы әйелдерді бөліп-жармай, әр балаға белгілі бір соманы төлеуді талап етті.

– Бес бала бола ма, жеті бала бола ма, бәріне бірдей 21 мың теңгеден берсін. Биылдан бастап әр балаға 10500 теңгеден беріп жатыр. Сонда мен осы күнге дейін жеті балама алып келген 141 мың теңгенің орнына 63 мың теңге ғана алады екенмін. Мен пәтер жалдап тұрамын, 35 мың теңге пәтер ақысын төлеймін, тіпті азық-түлікке де жетпейді, – дейді Клара Омарбекқызы.

Жиналғандар Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен я министрлік басшылығымен кездесуді талап етті.

Қазан айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің «жаңартылған» жобасын таныстырған. Билік 2020 жылы қаңтардың 1-нен бастап атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға ондағы еңбекке жарамды азаматтар мемлекет ұсынған жұмыста істеуге келіскен кезде ғана (шенеуніктер тілінде бұл «жұмыспен қамтуға ықпал ету шарасына қатысу» деп аталады) берілетінін мәлімдеген. Отбасы мүшелері жұмыстан бас тартқан жағдайда, бүкіл отбасына берілетін төлем тоқтатылады. Билік барлық көп балалы отбасы үшін бала санына байланысты, көлемі 73 375 теңгеден аспайтын дифференциалды жәрдемақы енгізуді ұсынған. Онымен келіспейтіндер бұл өзгеріс елдегі көп балалы аналардың жағдайын жақсартпайды деп санайды.

Azattyq