Нұр-Сұлтанда белсенділер бейбіт жиын өткізу құқығын талқылады

0

21 мамыр кешке Нұр-Сұлтанда мамыр айындағы стихиялық бейбіт шеру кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған азаматтар елдегі адам құқығы ахуалын, бейбіт жиын өткізу құқығын талқылады. Белсенділер кездесуде полиция ұстап алған жағдайда немесе қамап тастағанда не істеу қажеттігі туралы да ойларын ортаға салды.

Қатысушылар арасында көп балалы аналар, бір жылға жуық қамауда отырған астаналық белсенді Қайырлы Омардың жақтастары да болды. Жиынның модераторы болған белсенді Жасұлан Ершай «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің түрмеде отырғанына дәл осы күні тура он жыл болғанын айтып өтіп, жиынды осы күнге әдейі орайластырып ұйымдастырғанын айтты.

Жиында спикерлер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөйледі. Оған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым (ЕЫҚҰ) өкілдері де қатысты.

Жасұлан Ершайдың сөзінше, жиынды өткізу үшін екі мекенжай ауыстыруға тура келген. Оның айтуынша, әуел баста келіскен зал иелерімен алдын ала келісім-шарт жасасып, оларға ақысын төлегенмен кейінірек олар келісім-шарттан бас тартқан. Сондықтан жеке пәтерде өткізуге тура келген. Пәтердегі шкафта Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов сияқты саяси тұтқындардың суреті ілініп тұрды.

Белсенділер Әлімжан ізбасаров, Жанар Аманғалиева, Бағдат Қанапиянов, Серік Асқаров, Жасұлан Ершай Нұр-Сұлтандағы жеке пәтерде белсенділер өткізген кездесуде отыр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.

Белсенділер Әлімжан ізбасаров, Жанар Аманғалиева, Бағдат Қанапиянов, Серік Асқаров, Жасұлан Ершай Нұр-Сұлтандағы жеке пәтерде белсенділер өткізген кездесуде отыр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.

1 мамырдағы бейбіт шеруден соң 5-15 аралығында тәулікке қамалып шыққан Жанар Аманғалиева, ағайынды Бағдат және Асхат Қанапияновтар, Әлімжан Ізбасаров, Руслан Досқараев, Ербол Есхожин, Ермекбол Тілеухан, Дидар Байжақұлов, Серік Асқаров және көп балалы аналар атынан келген Қанағат Шүменова сөйледі.

— Мен алаңға билікті төңкеріп тастаймын деп шыққаным жоқ. Көп балалы аналар мен жастардың артында бұғып қалғым келмеді. Сол үшін он тәулігімді жалғыз камерада өтеп шықтым. Ол үшін өкінбеймін. Тағы шығамын. Осы биліктің тайраңдауына менің құрдастарым мен алдыңғы аға буын кінәлі. Елім енжар болма, біз шынайы демократиялық мемлекетте өмір сүруге лайықпыз, — деді Жанар Аманғалиева.

Жиналғандар елде өзгерістің болғанын қалайтынын, ол үшін бірігу қажеттігін айтты. Олар билікті, полицияны сынап, «халықтың, көп балалы аналардың талабын орындауға ақша табылмағанымен белсенділерді аңдуға ақша табылып жатыр» деді.

— Мамырдың 1-і бұл ең бастысы халықтың өз қорқынышын жеңген күні болды. Старт бар. Біз, жастар, топтасуымыз керек. Сол кезде біздің қасымызға ата-анамыз қосылады, — деді Әлімжан Ізбасаров.

Жиынның ресми бөлігінен соң белсенділер ауызашар жасап, бірігіп шәй ішті. Түнгі 11-лерде тараған белсенділер подъезд аузында қарауылдап тұрған белгісіз адамдарды байқап қалып, бір-бірін үйлеріне шығарып салып жатты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президентім емес!», «Дариға [Назарбаева] спикерім емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда «елде тыйым салынған ұйымның лозунгын айтып, полицияға бағынбаған» 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады.

Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 20-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50-100 мың теңге аралығында айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» және «полицияға бағынбады» деген айып тақты.

Azattyq