Нұр-Сұлтанда балабақшаға орын бөлу электронды жүйесі 27 маусымда іске қосылады

0

Білім басқармасы балабақшаларға орын бөлу жүйесін кезең-кезеңмен ашуды жоспарлап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Нұр-Сұлтанда балабақшаға орын бөлу электрондық жүйесі 27 маусымда іске қосылады.

Баланың туған жылын ескере отырып, ата-аналардың қандай күндері жолдама алатыны туралы қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

«Біз 27 маусымнан бастап балабақшаларға орын бөлу жүйесін кезең-кезеңмен ашуды жоспарлап отырмыз. 27 маусым – 2017 жылы туған балалар үшін, 1 шілде – 2016 жылғы балалар үшін, 4 шілде – 2015 жыл үшін, 9 шілде – 2013-2014 жылы туған балалар үшін беріледі. 25-26 маусымда біз жеке кабинеттерге қолжетімділікті ашамыз», — деп атап өтті елорда әкімдігінде өткен брифингте Әнуар Жанғозин.

«10 маусымда біз балабақшаларға бөлу жүйесін іске қосқан кезде, қысқа уақыт ішінде DDos-шабуыл жасалған болатын. IP-адрестердің өте шектеулі саны болды, шамамен 20-30, олардан жүйеге 400-500 мың сұраныс жіберілді. Біз жүйені осындай шабуылдардан қорғау үшін жұмыс істейміз.  Бастапқыда мұндай шабуылдар болуы мүмкін деп ойлаған жоқпыз. Бұл жұмыс жабдық жоспарында жүйелі шараларды, деректер ағынын ұлғайтуды талап етеді. Мұндай шабуылдарды шектеу үшін қосымша ресурстар қажет. Осының барлығы уақыт алады», — деп түсіндірді қалалық Білім басқармасының басшысы.

Сондай-ақ, ол ата-аналарға туындаған барлық мәселені балабақша өкілдерінен нақтылауды ұсынды. Сонымен қатар, Әнуар Жанғозин 10 маусымда қанша ата-ана жолдама алып үлгерген деген сұраққа жауап берді.

«Жүйе бірнеше сағат жұмыс істеді, жүктеме өте үлкен болған сәттер болды және олар өзгеріп отырды. Жүйеге аз жүктеме болған кезде, осы кезде кейбір ата-аналар жолдамалар алды. Бұл 116 адам, олардың барлығы кезекте тұр», — деді білім басқармасының басшысы.

Балаларға орындар кестеге сәйкес бөлінеді:

  • 2017 жыл – 27 маусым – тек кезектен тыс;
  • 2017 жыл – 28 маусым – барлық қалғаны;
  • 2016 жыл – 1 шілде – тек кезектен тыс;
  • 2016 жыл – 2 шілде – барлық қалғаны;
  • 2015 жыл – 4 шілде – тек кезектен тыс;
  •  2015 жыл – 5 шілде – барлық қалғаны;
  • 2013 және 2014 жыл – 9 шілде – тек кезектен тыс;
  • 2013 және 2014 жыл – 10 шілде барлық қалғандары.

«Орындар қатаң түрде осы кесте бойынша бөлінеді. 25-26 маусымда жеке кабинет ашылады, жолдама берілмейді», — деп атап өтті білім басқармасы.



sputniknews.kz