Нұр-Сұлтанда 40 млн теңге айыппұл төлей алмаған экс-басшы жеті жылға сотталды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Теміржол ұйымының бұрынғы басшысы қырық миллион теңге айыппұлдың тек 6,8 миллион теңгесін төлеген

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы теміржол ұйымының бұрынғы басшысына қатысты үкім өзгертілді. 40 миллион теңге айыппұл төлей алмаған ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ақмола көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бұрынғы шенеунігі тағайындалған айыппұлдың орнына 7 жыл бас бостандығынан айырылды», -делінген хабарламада.

Ақмола көлік прокуратурасы Нұр-Сұлтан қаласы теміржол ұйымының бұрынғы басшысына қатысты үкімді орындау бойынша құжаттарды зерделеді.

2018 жылы экс-басшы лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны және бірнеше рет пара алғаны үшін сотталған. Оған 40 миллион теңге айыппұл салынған.

Тағы оқыңыз: Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшыcы алты жылға сотталды

Алайда 2019 жылдың қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының  №2 соты сотталушының өтінішімен үкімнің орындалуын бір жылға кейінге шегереді.

«Бұл мерзім өткенімен, сотталушы айыппұлды толық төлей алған жоқ. Тек 6,8 миллион теңгесі өтелді. Көлік прокуроры араласқаннан кейін ғана аудандық соттың 2020 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен сотталушының  қылмыстық айыппұлы 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды», — деді баспасөз қызметінен.

Бұрынғы басшы соттың шешіміне шағым түсірген, бірақ ол қанағаттандырылған жоқ.

Сот актісі күшіне енді.



sputniknews.kz