Нұр-Сұлтанда 16 жастағы қыз көпірден секіріп кетті

0

Бүгін елордада 16 жастағы бойжеткен көпірден секіріп кетті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі айтты.

Белгілі болғандай, бүгін сағат 11.16-да «102» пультіне «Қазақстан» СК маңындағы көпірден бір қыздың өзенге секіргені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға кезінде жақын маңда болған 38 жастағы Денис Синдеев судағы қызға көмек көрсетіп үлгерген.

«Мен сол маңда тұрғанмын. Бір кезде адамдар қыздың суға секіргенін айтып шулап жатты. Жақындап қарағанда су бетінде жанталасып жатқан бойжеткенді көрдім. Ойланбастан сырт киімімді шешіп, өзенге секіріп, қызды жағаға шығардым», деді елордалық тұрғын.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір қыздың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр.

«Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов Денис Синдеевке ерен еңбегі үшін алғыс айтып, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті», делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.