Нұр-Сұлтанда 100-ге жуық адамды алдаған алматылық алаяқ ұсталды
Алматы облысында «банк қызметкерімін» деп, жұрттың атына несие рәсімдеген келіншек ұсталды. Бір айдан аса іздеуде болған оны полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласынан тапты, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Ұзынағаш ауылының 24 жастағы тұрғыны халықты кепілдегі тұрмыстық техника мен әшекей бұйымдарды таныстары арқылы ақшалай шығарып беремін деп сендірген. Алайда не ақша, не тауарды көрмегендер банктерге белшесінен қарызға батқан. Осылайша, қос-қостан қарызы барлар енді пайдаланбаған несиені төлеуге мәжбүр.
Күдікті барлығын мойындады. Оған жеті жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Қазір тергеушілер алаяқтың сыбайластары бар-жоғын анықтап жатыр.
«Қазіргі таңда алданған 97 адам тіркелді. Оларға келтірілген шығын көлемі 100 миллионнан асады. Қылмыстық іс тіркелгеннен кейін күдікті құзырлы органдардың қудалауынан қашқаны үшін іздеуге жарияланды. 28 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталды, қазір ол қамауға алынды», — деді Жамбыл аудандық полиция басқармасы бастығының жедел-іздестіру жұмыстары жөніндегі орынбасары Жарқын Есжанов.