Нұр-Сұлтан тұрғыны зорлық-зомбылыққа қарсы бір адамдық пикет өткізді

0

7 тамызда Нұр-Сұлтан тұрғыны Шолпанай Тангирова қаладағы темір жол вокзалы алдына шығып, зорлық-зомбылыққа қарсы бір адамдық пикет өткізді. Ол қолына «Зорлық – ауыр қылмыс», «Зорлық-зомбылықтың жазасын ауырлатуды талап етемін! Зорлағандарды емес, зорланғандарды қорғаңыздар! Зорлаған адам айыпты!» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты.

23 жастағы Шолпанай Тангирова массаж салонында жұмыс істейді. Ол 26 шілдеде Қостанай сотының «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік әйелді зорлады деп айыпталған екі жолсерікке шығарған үкіміне наразы екенін айтты. Оның ойынша, «бұл үкім тым жұмсақ және ондай әлсіз үкім шығарған судья отставкаға кетуі тиіс».

Тангирова Қазақстан билігінен зорлық- зомбылық бабын орташа дәрежелі қылмыстан аса ауыр қылмысқа ауыстыруды да талап етті.

Былтыр қыркүйекте Нұр-Сұлтаннан Ақтөбеге бару үшін «Тұлпар-Тальго» пойызына мінген жолаушыны түнде купеге өз кілттерімен кірген екі жолсерік зорлаған. Кейін жәбірленуші «НеМолчиKZ» қоғамдық қорынан көмек сұраған. Ал қор жетекшісі Дина Смаилова бұл оқиға жайлы өзінің Facebook парақшасына жариялағаннан кейін көпшілік назар аударды.

26 шілдеде Қостанай соты «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік әйелді зорлады деп айыпталған екі жолсерікке үкім шығарды. Судья Оразбай Сатыбалды айыпталушылар Жетес Үмбеталиев пен Қолғанат Құрманиязовты Қылмыстық кодекстің «Зорлық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 2,5 және 2 жыл үш айға соттады. Мұның алдында прокурор оларды алты жылға соттауды сұраған еді. Кейін қоғамда сот шешіміне наразылық күшейіп, елдің көлік прокуратурасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген.

2017 жылғы шілдеде Қазақстан «Ұрып-соғу» және «Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру» баптары әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылған. Жыл басында ішкі істер министрлігі (ІІМ) тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты ахуалдың нашарлап кетуіне сілтеп, отбасындағы ұрып-соғудан қылмыстық сипатты алып тастауды ұсынған. Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінен бұл отбасындағы ұрып-соғу оқиғаларына қайтадан қылмыстық сипат беруді талап еткен. Бірақ билік олардың сөзіне құлақ аспады.

Azattyq