Нұр-Сұлтан тұрғыны полицейді теуіп, әскери қызметшінің құлағын тістеп алды – видео

0

Тәртіп бұзушы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

АЛМАТЫ, 21 сәуір –Sputnik. Есірткіге елтіген Нұр-Сұлтан қаласының 37 жастағы тұрғыны полицей мен әскери қызметкерді тістеп алған. Бұл туралы елордалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Полицияның мәліметінше, мобильді патруль Момышұлы көшесінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүріп, карантин режимін бұзған ер адамды анықтаған. Ол азамат полицияға алдын алу жұмыстарын тоқтату керек екенін ескерткен.  

«Полицейлер тәртіп бұзушыдан тұрғылықты жеріне барып, карантин режимін сақтауды сұраған. Ер адам дөрекілік танытып, талапты орындаудан бас тартқан. Ұстау барысында ол патруль қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, тебе бастаған. Артынша әскери қызметкердің бірінің құлағынан және көмекке келген учаскелік полиция инспекторының қолынан тістеген», — деді полиция департаменті.  

Аталған іс бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 380-бабы («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сот-медициналық сараптама 37 жастағы ер адамның есірткі пайдаланғанын анықтады.

Тәртіп бұзушы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті төтенше жағдай жарияланған жерде билік өкілдеріне тіл тигізу, бағынбау және зорлық-зомбылық жасау фактілері бойынша тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істерді тоқтату алынып тасталғанын айтты.

Сондай-ақ, тұрғындардан карантин режимін сақтап, құқық қорғау органдарының талаптарына түсіністікпен қарауды өтінді.



sputniknews.kz