Нұр-Сұлтан соты «Настоящее время» тілшісін елден депортациялау туралы шешім шығарды
Қазақстан астанасындағы сот “Настоящее время” телеарнасының тілшісі Жазгүл Егембердиеваны елден депортациялау туралы шешім шығарып, оған елге бес жылға кіруге тыйым салды. Сот журналисті “елдің миграциялық заңын бұзды” деп айыптады. Сот 5 шілдеде Нұр-Сұлтанда өтті.
Сот шешіміне сай, Қырғызстан азаматы Жазгүл Егембердиева он күннің ішінде Қазақстаннан шығуы тиіс. Билік “Егембердиева Қазақстанда 30 күннен артық уақыт жүрді және көші-қон қызметіне барып тіркелмеді” дейді.
Егембердиева 6 шілде күні елдегі билікке қарсы наразылық шарасынан хабар таратуды жоспарлаған еді.
“Настоящее Время” телеарнасының басшылығы бұл істің жай-жапсарын тексеретінін хабарлады.
Егембердиева Қазақстанға 9 маусымдағы президент сайлауынан хабар тарату үшін 3 мамырда келген. Бұл сайлауда Қазақстанды отыз жылдай басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. Халықаралық бақылаушылар бұл сайлауды сынап, дауыс беру кезінде көптеген заң бұзу фактілері болғанын айтқан. Халықаралық ұйымдар “сайлау Қазақстан билігінің демократиялық құндылықтарды сыйламайтынын көрсетті” деп мәлімдеген.
Азаттық және “Настоящее время” тілшілері соңғы уақытта Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде билік тарапынан жиі қысымға ұшырап жүр.
Қазақстандағы президент сайлауы қарсаңында Нұр-Сұлтан “Азат Еуропа/Азаттық радиосының” Чехия, Ресей, Қырғызстандағы жеті тілшісіне аккредитация беруден бас тартқан. Сайлау күні елде болған билікке қарсы наразылық шарасы кезінде полиция Азаттық радиосының екі тілшісін біраз уақыт ұстап, кейін босатқан.