Нұр-Сұлтан соты бірнеше адамға «митингіге шақырды» деп айыппұл салды
17 маусымда Нұр-Сұлтандағы Астана қалалық мамандандырылған әкімшілік соты бірнеше адамды «заңсыз митингіге шақырды» деп айыптап, айыппұл салды.
«Желтоқcан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Базуловтың сөзінше, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар 16 маусымда бұған дейін 9-10 маусым күндері митинг кезінде қамалғандарды босатуды талап етіп, бейбіт шеруге шықпақшы болған.
— Мені таңертең (17 маусымда — ред.) алдымен Алматы аудандық полиция бөлімшесіне, кейін әкімшілік сотқа әкелді. Әкімшілік кодекстің 488-баптың 3-тармағы бойынша «митингіге шақырды» деп 126 мың теңге айыппұл салды. Желтоқсан оқиғасына қатысқанымды ескеріп 88 мың теңгеге азайтты, — деді ол.
Базуловтың айтуынша, сот астаналық белсенділер Орынбасар Жәнібеков, Асанхан Исқақов, Іңкәр Тиштыбаеваға — 88 мың теңге, Мамырбай Орысқа 55 мың теңге айыппұл салды.
Нұр-Сұлтанда сайлау және одан кейінгі күндері жүздеген адам қамауға алынған еді. Оларды 9-10 маусым күндері түнімен өткен әкімшілік соттан соң Ақмола және Қарағанды облыстарындағы Ақкөл, Теміртау, Шахтинск және Қарағанды қаласындағы уақытша қамау изоляторларына жөнелткен еді. Олардың көбі прокурордың жаза мерзімін қысқарту туралы арызы негізіне 14 маусымда босатылған.
Ресми дерек бойынша, 9-10 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматыда «рұқсат етілмеген митингіге» қатысқаны үшін 957 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Оның 670-і — 6-15 тәулікке қамалса,115-іне айыппұл салынған.