Нұр-Сұлтан соты АЭС-ке қарсы митингіге шақырған белсенді шағымын қанағаттандырмады

0

Нұр-Сұлтан қалалық соты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп танылып 15 күнге қамалған Болатбек Біләловтің апелляциялық шағымын қанағаттандырған жоқ. Бірінші инстанциядағы сот шешімі күшінде қалды.

Қамауда отырған Біләловтің өзі сот залына әкелінген жоқ. Судья Мәдениет Омарбекова сот отырысы ашық болғанына қарамастан, журналистерге аудио жазып, видео түсіруге рұқсат етпеді.

Белсендінің адвокаты Аманжол Мұхамедяров сот шешімін «әділетсіз» санайды.

— Сот мен айтқан дәлелдерді ескерген жоқ. Біләловтің халықаралық нормалардағы, саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактідегі құқықтары бұзылып, заңсыз қамауға алынды. Ойын еркін айту, әлеуметтік желідегі пікір білдіру құқығы шектелді. «Митингіге келіңдер» дегені үшін ең қатаң жазаны — қамауға алуды ең ұзақ мерзімге — 15 күнге кесті. Сот әділетсіз шешім қабылдады деп есептейміз, — деді адвокат.

Біләловті 19 сәуір күні түнде Нұр-Сұлтан соты белсендіні 15 күнге қамаған.

Бұған дейін белсенді Facebook-тағы парақшасында әкімдікке бейбіт жиын өткізу туралы өтініш бергенін айтып, 26 сәуірде атом электр станциясын салуға қарсы бейбіт митингке келуге шақырған.

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысында «көпке арналған шараны өткізуге рұқсат алмайынша ұйымдастырушы сонымен бірге өзге тұлғалардың БАҚ, интернет немесе өзге де ақпарат желілерінде оның мерзімі, орны мен уақытын хабарлауына құқығы жоқ» деген судья Құралай Архабаеваның сөзі келтірілген.

Болатбек Біләлов — тіркелмеген «Антигептил» экологиялық қозғалыс жетекшілерінің бірі. Қозғалыс өкілдері бұған дейін Байқоңыр ғарыш айлағынан экологияға зиянды «Протон» зымыран тасығыштарын ұшыруға тыйым салуды және Қазақстан аумағында ресейлік әскери-сынақ полигондарының жабылуын талап еткен.

2016 жылы қаңтарда желіге «Кремльге қарсы» видео салғаны үшін «ұлттық алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айыпталған Біләловтың бас бостандығын сот үш жылға шектеген.

Болатбек Біләлов бұдан бөлек, Нұр-Сұлтанда қарапайым азаматтардың баспана мәселесі бойынша құқықтарын қорғаумен танымал. Ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту және табысын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын жұмыс тобының құрамында да бар. Бұл топ ақпан айында басталған Қазақстанда көп балалы аналар наразылығынан кейін құрылған.

Сәуір айының басында Ресейге сапарлап барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде президент Владимир Путин Қазақстанда «ресейлік технология» бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар әртүрлі пікір білдірген. Келесі күні энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев станция құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбағанын, алайда атом электр станциясы орналасуы мүмкін аумақ ретінде Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын атаған.

Azattyq