Нұр-Сұлтан қаласының атауы өзгере ме?

0

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезіне қатысып, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп ауыстыруды қолдады. Кейбіреулер билік партиясының аты «Жаңа Қазақстан» болуы мүмкін деп жүргенде «Аманат» деген атау алға шықты.

Атауы «Аманатқа» ауысқан билік партиясында не өзгереді? Құрылымы жаңара ма? Мүшелері ше? Партия атауы ауысты, енді Нұр-Сұлтан қаласының атауы ауыса ма?

Nege.kz тілшісі осы және өзге де сұрақты Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақбаевқа қойды.

– Бүгін «Нұр Отан» партиясы «Аманат» болып өзгерді. Бұл партияның аты ғана өзгерді ме, жоқ әлде заты да өзгере ме?

– Жалпы бүгін еліміздің  саяси өмірінде үлкен өзгеріс болған күн деп есептейміз. «Аманат» деген сөздің қасиетін қазақтар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Партияның атының «Аманат» болып өзгеруінің себебі – қазір еліміздегі халықтың сұранасы артты. Әлеуметтік мәселелердің шешілуін халық бізден талап етіп отыр. Ата-бабамыздың бізге қалдырған жерін аман-есен етіп, өркениетті ел ретінде жас ұрпаққа қалдыруымыз керек.

– «Нұр Отанның» мүшелерінің ішінде жемқорлықпен ұсталған әкімдер мен министр сынды әр түрлі лауазымдағы шенеуніктер бар. Партияның аты өзгергеннен кейін де «Аманатқа» қиянат жасайтын шенділер шықпайтынына кепілдік бар ма?

– Енді түсінген адамға қазіргі болып жатқан жағдайға байланысты президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көптеген талаптар қойды ғой.

Менің түсінігімде енді партияның арасында ондай адамдар кездеспеуі керек. Өйткені бұл бұрынғы Қазақстан емес, жаңа Қазақстан.

Тек қана біз халық үшін және халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін жұмыс істеуіміз керек. Өмір болғаннан кейін, өкінішке қарай, жемқорлар шығып қалса, бәріміз үшін өкініш болады. Бірақ мен ойлаймын, бүгінгі съезден кейін ондай адамдар арамызда болмауы керек.

– «Нұр Отан» партиясының аты «Аманат» болып өзгергеннен кейін көп адам әлеуметтік желіде «Нұрсұлтан қаласы қашан өзгереді?» деп сұрай бастады. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласын өзгерту жоспарда бар ма?

– Тап қазір күн тәртібімізде Нұр-Сұлтан қаласының атауын өзгерту тұрған жоқ. Алдағы уақытта жаңалық болса, сіздерге айтамыз.

– Астананың атауын өзгерту керек деген адамдардың пікірімен келісесіз бе, жоқ әлде қарсысыз ба?

– Енді мен мысалы «Нұр Отан» партиясы туралы айтсам, съезде президеніміз жақсы айтып кетті. «Нұр Отан» партиясы осы уақытқа дейін еліміздің мемлекет болып қалыптасуына айрықша ықпал етті. Оны құрған – біздің тұңғыш президентіміз. Сондықтан оның бұрын істеген жақсы жұмыстарын жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті бұл сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын.

 Жалпы депутат жоғарыдан тапсырма келгенін күтіп отыру керек пе, жоқ әлде өзі бастама көтеруі керек пе?

– Депутат немесе қарапайым азамат болсын өз айтары болуы керек қой. Мәселен міндетті түрде бізге не айтады деп күту емес. Мысалға менің сізге айтып отырғаным – өзімнің ойым.

– Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен кезде наразылық көп болды. Сіз астананың Нұр-Сұлтан болып қалғанын қолдайсыз ба?

– Астананы құрушы азамат ретінде мен одан ешқандай оғаштық көріп тұрған жоқпын.