Нұр-Сұлтан қаласының әкімі митингілер туралы айтты

0

Бұған дейін ішкі істер министрілігі 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні рұқсат етілмеген акциялардың 55 қатысушысы ұсталғанын хабарлаған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. Елорданың әкімі Алтай Көлгінов қалада Тәуелсіздік күні өткен митингке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бізде ДВК-ға* (Қазақстанның демократиялық таңдауы — Sputnik Қазақстан) заң бойынша тыйым салынған. Сіздер оны жақсы білесіздер. Сондықтан бұл заңсыз митинг болды. Оның белсенділері әкімдікке митинг өткізуге өтініш хат жолдаған жоқ. Бұдан артық ештеңе айта алмаймын», — деді Көлгінов астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрілігі 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні рұқсат етілмеген акциялардың 55 қатысушысы ұсталғанын хабарлаған.

«16 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында рұқсат етілмеген митингілер ұйымдастырылды. Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, кейбір азаматтар арандатушылыққа ұшырап, заңсыз акцияларға қатысты. Қатысушылар билік органдарының заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарын орындамағандықтан, Нұр-Сұлтан қаласында 32 адам, Алматы қаласына 23 адам полицияға жеткізілді», — делінген салалық ведомство мәліметінде.

Ресми ақпарат бойынша Нұр-Сұлтанда ондаған азамат Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында жиналып, рұқсат етілмеген митинг өткізді.

*Қазақстанның демократиялық таңдауы (ДВК) – Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйым.



sputniknews.kz