Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көліктердің жүру уақыты өзгереді

0

Қала ішінде автобустардың жүру уақыты тағы екі сағатқа қысқарса, 28 наурыздан бастап қала маңындағы ауылдарға баратын автобустар тоқтайды

НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Қалада коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың шешімімен 26 наурыздан бастап қоғамдық көліктің жұмыс кестесі өзгереді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қоғамдық көліктер енді 21:00-ге дейін емес, 19:00-ге дейін жүреді.

Сонымен қатар, 28 наурыздан бастап карантиндік аймаққа кіретін қала маңындағы ауылдарға баратын автобустар тоқтайды. Бұл Қосшы, Тайтөбе, Жібек Жолы, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат, Ы.Алтынсарин, Нұрлы ауылдары (№ 301, 302, 303, 304, 306, 307, 313, 314, 319, 320, 321, 322, 326).

21 наурыздан бастап карантин аймағына кірмейтін қала маңындағы Ақмол, Қабанбай батыр, Р.Қошқарбаев, Максимовка, Воздвиженка, Аршалы, Жалтыркөл, Софиевка, Малотимофеевка және Шұбар (№ 300, 305, 308, 309, 310, 311, 312, 315, 316, 317 и 318) ауылдарына жүретін автобустар тоқтатылған еді.

Шектеу шаралары мен өзгерістер карантин аяқталғанға дейін енгізіледі.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған жолаушыны Шымкентке жеткізген автобус туралы не білеміз

COVID-19 жұқтыру қаупін азайту мақсатында жолаушыларға ақшасыз төлем түрлеріне өтуге кеңес берілді. 

«Карантиндік шаралар қатаңдатылған жағдайда, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб қоғамдық көлікті толықтай тоқтату туралы мәселе көтеруі мүмкін», — делінген ақпаратта. 

Еске сала кетейік, Қазақстанда 16 наурыздан бастап бір айға төтенше жағдай режимі енгізілді. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. 

 



sputniknews.kz