Нұр-Сұлтан полициясы наразылық кезінде ұсталған адамдардың кейбірін босатты

0
69

Нұр-Сұлтан полициясы 1 мамырдағы наразылық кезінде ұсталған адамдардың кейбірін босатты.

Билікке талап қойған наразылық шарасы кезінде арнайы жасақ ондаған адамды ұстап, біразын сол маңдағы автобустың ішіне отырғызып қойды. Оларды полиция күзетіп тұрды. Ал кейбірін полиция алып кетті.

Халық полициядан ұсталған адамдарды босатуды талап етіп тұрып алды. Осыдан соң полиция автобус ішінде отырған адамдарды босатып, халықты тарауға шақырды.

Арнайы жасақ наразыларды ұстау кезінде кейбір адамдарды резеңке таяқпен ұрғаны байқалды. Сәлден соң жасақ наразыларды резеңке таяқпен ұруды дереу тоқтатты. Кейін наразылық болып жатқан маңға келген полиция «арнайы жасақтың резеңке таяқ қолданғанын» тексеретінін айтты.

1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ бірнеше адамды ұстап әкетті. Арнайы жасақ адамдарды ұстап жатқанда резеңке таяқ қолданғаны байқалды. Наразылар сол маңға келген прокурорлар мен полиция өкілдерінен ұсталғандарды босатуды талап етті. Полиция ұсталған адамдар «ұсақ бұзақылық жасағанын, көп ұзамай босатылатынын» айтты.

Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев – біздің президент емес!», «Дариға – спикер емес!», «Нұр-Сұлтан – астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халықтың пікірмен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айғайлады.​

Azattyq