Нұр-Сұлтан митингіде ұсталғандарды босатуы тиіс
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 22 ақпанда мәлімдеме жасап, Қазақстан билігі сенбі күні бейбіт митинг кезінде ұсталғандарды босатуы тиіс деді.
Штаб пәтері Лондонда орналасқан ұйымның дерегінше, 22 ақпан таңертең Алматыда оппозициялық партияны тіркеуді, билікке сын айтқандарды қудалауды тоқтатуды талап еткен жетпістей адам ұсталған.
“Қазақстандағы адам құқығы жағдайы бұрын да нашар еді. Енді тіпті нашарлай түсті. Билікке сын айтқандардан осыншама қорқып, оларды қудалау үкіметтің сөз бостандығынан қаншалықты шошитынын көрсетеді” деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Денис Кривошеев.
Кривошеев мәлімдемесінде “Демократиялық партия” құруды көздейтін бастамашыл топ “билік тарапынан жасалған қудалау мен қысымнан соң” сенбіге жоспарланған құрылтай съезден бас тартқан.
“Демократиялық партияны” және басқа оппозициялық топтарды қолдағаны үшін ұсталғандарды босатуға шақырамыз. Қазақстанда пайда болып жатқан оппозициялық топтарды қуғындау — масқара жағдай. Саяси партия құру – адам құқығының, сөз бостандығының, бейбіт митингіге шығудың негізі. Қазақстан билігі адам құқықтарын сақтап, оппозицияны қолдағандарды я наразылыққа шығып ұсталғандарды босатуы тиіс” деді ол.
Оқи отырыңыз: Үкіметке қарсы шерулер өтетін күні жүзден астам адам ұсталды
22 ақпанда екі оппозициялық топ митинг орны деп жариялаған жерде полиция жүзден астам адамды ұстады. Арнайы жасақ пен полицейлер Нұр-Сұлтанда, Ақтөбеде, Шымкентте де адамдарды ұстады.
Елдің ішкі істер министрлігі 22 ақпанда қанша адам ұсталғанын ресми түрде хабарламады. Ұсталғандардың қаншасы қамалғаны я айыппұл алғаны белгісіз. Бірақ сенбіде Алматыдағы сот бірнеше белсендіні қамап, кейбіріне айыппұл салды.
Қазақстандағы екі оппозициялық топ 22 ақпанда билікке қарсы наразылық өткізетіндерін хабарлаған.
Соның бірі «Демократиялық партия» құруды жоспарлайтын бастамашыл топ жұртты сенбі Алматыдағы «Астана» алаңына митингіге шақырған. 22 ақпанға қараған түні бастамашыл топ жетекшісі Мамай «заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен үш тәулікке қамалған. Осы аптаның басында бастамашыл топ билік «Демпартияның» құрылтай съезін өткізуге кедергі келтіріп жатыр деп мәлімдеген. Сенбі күні «Демпартия» жақтастары алаңға келіп, Мамайды босатуды талап етті. Сол жерде полиция бірнеше адамды ұстап әкетті.
Екінші митингіге бұрынғы банкир, шетте тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы шақырған. ҚДТ Қазақстан сотымен «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. 2019 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.
ҚДТ мен Әблязов шақырған митингіге келгендер “Шал, кет””, “Оян, Қазақстан!”, “Назарбаев кетсін! Дариға кетсін!” деп айғайлады.
Видео: 22 ақпандағы наразылық жайлы барлық ақпарат
Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, “Нұр Отан” партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың орнына президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жасайтынын, бейбіт митинг, саяси партия туралы заңды өзгертетінін айтқан. Бірақ сыншылар Тоқаевтың уәдесі орындалмағанын, ол әлі Назарбаевтың ықпалынан шыға алмай отырғанын айтады.
Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер түрлі себеппен митингіге рұқсат ете бермейді. Елде рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады.