Нұр-Сұлтан да құрылыс ұйымы жаңадан тұрғызылып жатқан көпқабатты пәтерлерге лифт салуды ұмытып кеткен — Қазақстан жаңалықтары
Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйге лифт салуды ұмытып кеткен құрылыс компаниясы күлкіге қалды. Құрылысшылар жеделсатыдан бөлек, өрт кезінде түсетін сатыны да естен шығарған. Олқылықты енді байқаған олар лифтті нысанның сыртына орналастырып жатыр. Ал тұрғындар мұның қыста қауіпті екенін айтып, даурығуда. Пайдалануға берілмеген үйге қоныстануға қорқатындар да бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
«Баспана-Кентал» деп аталатын тұрғын үй кешенінің биіктігі 5 және 9 қабатты болуы керек еді. Алайда бұған жауапты мердігер ұйым «Орал-Дизайн-Стройсервис» басшысы өзгеше шешіп, алаяқтыққа барған.
«Бес қабат салынуы тиіс жерге тоғыз қабат салған. Ал 9 қабат салу қажет болған орынға 12 қабат көтерген. Үйдің барлығы да үлескерлерге сатылып кеткен. Сот шешімімен нысанның тұрғын үй кооперативіне өтуіне байланысты техникалық тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қолданыстағы нормаға сәйкес, 6 қабаттан жоғары үйлердің лифті болуы тиіс, Сол себептен де жобалаушылар ол үйлерге лифт пен өрт баспалдағын салу туралы шешім қабылдады», — делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Артық ақша табу жолын қуған мердігер компания лифт пен адамдарға арналған қауіпсіздік сатысын салмаған. Ұмытпаған емес, мүлдем керек емес еткен. 11 жыл бойы бітпеген құрылысты қазір жеріглікті билік өз қарамағына алып, лифт пен өрт кезінде тұрғындар түсетін сатыны үйдің қас бетінен салып жатыр. Себебі басқа амал қалмаған.
«Қазір өрт кезінде түсуге арналған саты мен ішкі жақтың жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс өткен жылы қайта жанданды», — деді қала тұрғыны Хамза Тасшауов.
Бұл аздай нысанға жауаптылар бірнеше жылда 564 пәтерді 536 үлескерге сатып үлгеріпті. Алаяқтық анықталған соң жауапты мердігер компания басшысы сотталыпты.
Жергілікті тұғындар жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің сол маңдағы басқа да пәтерлерде тұратындарға кедергі келтіруде дейді. Өйткені ол жақта балалар ойнайтын алаңқай жоқ көрінеді. Ашық жерлер көлік тұрағы мен газ құбыры өтетін орынға бөлініпті.
«Балаларымыз ойнай алмай қиналып жүр. Осында жеті жыл бойы тұрып келемін, барлық жерге хат жаздым. Алайда көріп тұрғандарыңыздай ешқандай жағдай жасалмады. Кішкентайларымызбен серуендеуге шыға алмаймыз», — дейді қала тұрғыны Ержан Зариров.
Тұрғындар кейде үлескерлердің келіп-кететінін айтады. Олар лифтісі мен сатысы сыртта болған тұрғын үй кешінінен баспаналы болуға әлі де үмітті. Алайда 2009 жылдан бері салынып келе жатқан үйдің құрылысы қашан аяқталытыны белгісіз.
stan.kz