Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте күзет күшейді
12 маусымда Қазақстанда күзет күшейіп, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте полиция қарасы көбейді.
Алматыда Абай көшесі мен Ахмет Байтұрсынов көшесінің қиылысында, Райымбек даңғылының маңында полиция мен арнайы жасақтың қарасы көп. Астана алаңында да полиция, өрт сөндіргіш машина, әскери көліктер мен жедел жәрдем көліктері тұр.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Абай көшесі мен Ахмет Байтұрсынов көшесінің қиылысында полиция кемінде алты адамды ұстап әкетті.
Алматы тұрғындарының біразы басшылықтары жұмыстан ертерек қайтарғанын, балабақшадан балаларын ерте алып кеткендерін айтып жатыр. Кейбір тұрғындар қалада дүкендер, дәріханалар мен сауда орталықтары жабылғанын айтады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, «Жастар» сарайы, Министрлер үйі мен «Бәйтерек» маңында он шақты полиция көлігі мен арнайы автобус тұр. «Бәйтерек» монументінің маңы толығымен қоршалған, арнайы әскери көліктер тұр. Полиция адамдарды «Бәйтерекке» қарай өткізбей тұр.
Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, қалада полиция негізгі көшелерді күзетіп тұр.
12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Тоқаевты ұлықтау рәсімі елде билікке қарсы азаматтардың наразылығы күшейген тұста болды. Осы күні бас прокуратура бейбіт митинг туралы заң ережесін бұзғандар жауапқа тартылатынын кезекті рет рет ескертіп, мәлімдеме жасады.
Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 9 маусымда және сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланған келесі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын «тым азайтып көрсетті», ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.
Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9 және 10 маусымда азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен «азаматтардың құқығын жаппай бұзу» фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.
10 маусымда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың «өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр» деп мәлімдеді.