Нұр-Сұлтан әкімдігінің алдына оншақты наразы ана жиналды
Бүгін, 19 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің алдына он шақты ана жиналды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, олардың ішінде көп балалы, жалғызілікті және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар бар. Жиналағандар баспана мәселесін шешіп беруді талап етті.
«Баспана кезегінде жылдап тұрғанымен кезек жылжымайды, қанша наразылыққа шықсақ та мәселеміз шешілмей келеді» дейді жиналғандар.
Арада бір сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін наразыларға қала әкімі орынбасары Бақтияр Мәкеннің көмекшісі Елнұр Бейсенбаев шықты. Ол әкімнің жоқ екенін, ал онымен кездесу үшін алдын ала жазылу қажет екенін айтты.
Бірақ аналар алдын ала жазылудан пайда жоғғын айтып, әкімнің өздеріне келуін талап етті.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес баласы өрттен қайтыс болған соң елде әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап еткен наразылық шаралары көбейді. Сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті «халықпен жұмыс істей алмайсыңдар» деп сынап, отставкаға жіберген.
Наразылық көбейіп кеткен соң ел билігі көктемде әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған бірнеше шара қабылдады. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға әр балаға 21 мың теңге төлеу бағдарламасын ұсынды. Бұдан бөлек, үкімет жағдайы жоқ отбасылардың 300 мың теңгелік несиесін төлеп беру туралы бір реттік акция өткізуге шешім қабылдаған.
15 шілдеде Назарбаевтың орнына келген қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев «баспана елдегі ең үлкен әлеуметтік мәселеге айналғанын» мәлімдеп, кейбір адамдардың «жөн-жосықсыз үй сұрап жатқанын» айтқан.