Нұр-Сұлтан әкімдігі үстінен арызданған белсенді Закирова сотта тағы жеңілді
14 тамызда кешке Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық соты белсенді Санавар Закированың митингіге рұқсат бермеген қала әкімінің шешімін заңсыз деп тануды сұраған арызын тағы қанағаттандырмады.
Сот процесінде Закирова мен азаматтық белсенді Марат Тұрымбетовтың өкілі Маржан Аспандиярова «сот іске мүдделі қалпынан таймай отыр» деп санап, бүкіл Сарыарқа аудандық сотына сенімсіздік білдірді. Түстен кейін жалғасқан сот процесінде судья Әлия Қасымова Сарыарқа аудандық соты төрағасының «сотқа сенімсіздік білдіруге негіз жоқтығы» туралы қаулысын жазбаша тапсырып, іс ары қарай жалғасты.
Закирова соттан Нұр-Сұлтан тұрғыны Любовь Бейсембаеваны мәслихат шешімімен бейбіт шеру өткізуге рұқсат берілген Пушкин және Құдайбердіұлы көшелерінің қилысындағы бақта былтыр қыста ешқандай мұз қалашығы болмағанын көрген куә ретінде тыңдауды сұрады. Бейсембаеваның сөзінше, ол күн ара сол маңдағы жағармай бекетінен көлігіне бензин құяды және ол жерде ешқандай мұз қалашығы да, ағаш қалашық та салынбаған.
Өткен сот процестерінде Нұр -Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілі Абзал Мәмбетов сотқа суреттер әкеліп, ол жерде ағаш қалашық болғанын дәлелдемек болған.
Мемлекеттік айыптаушы Дошаев «Закирова талабының заңды негізі жоқ, митингіге рұқсат бермеу туралы қаулыға өкілетті тұлға қол қойғандықтан қанағаттандырудан бас тартуды сұрайтынын» айтты.
Үзілістен соң сот шешімін жариялаған судья Әлия Қасымова әкімдіктің митингке өтізуге рұқсат бермеу туралы қаулысының дұрыс жасалғанын мәлімдеп, Закированың арызы қанағаттандырылмағанын айтты.
Закированың өзі сот шешімімен келіспейді. Ол сот шешімі қолына тиген соң қайтадан апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
51 жастағы Санавар Закирова былтыр Астана қаласы әкімдігіне 2018 жылдың 6 қарашасы мен 25 желтоқсаны арасында «Сот жүйесіндегі заңсыздықтар мен заңсыз сот актілеріне» қатысты бейбіт жиын өткізгісі келетінін айтып арыз түсірген. Астана қаласы әкімі белсендінің арызын митинг өткізуге рұқсат берген жерде кезекті жөндеу жұмыстары мен мұз қалашығы салынатынын айтып, рұқсат беруден бас тартқан.
Санавар Закирова Астана қаласының бұл шешімін заңсыз деп тануды былтырғы наурыздан бері сұрап сотқа жүгініп келеді. 2019 жылы 19 маусымда апелляциялық сот алқасы істі алғашқы сот инстанциясына кері қайтарған болатын.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын
Бұған дейін Қазақстанның түрлі қалаларында бірнеше азамат митинг өткізуге рұқсат бермегені үшін жергілікті әкімдіктерді сотқа берген. Былтыр қыркүйек айында дәл осындай себеппен Алматы әкімдігін сотқа берген алматылық Әлнұр Ильяшевтің шағымын сот қанағаттандырмай тастаған. Биыл ақпанда Қарағанды соты пикетке тыйым салған әкімнің ісін құптап, билік үстінен арызданған белсенді сотта жеңілген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымда Батыс басылымдарына берген сұхбатында адамдардың шеруге шығуына мүмкіндік беретін жаңа заңның қабылданатыны туралы айтқан. Құқық қорғаушылар бейбіт шеру өткізу үшін жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алу мен бөлек жер белгіленетіні көрсетілген қолданыстағы Қазақстан заңын «халықаралық стандартқа сай емес» деп сынайды.