Нұр-Сұлтан әкімдігі қызметкерлерді қысқартады

0

35 миллиард теңге оңтайландырылмақ, үнемделген ақша әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталады, деді қала басшысы

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Елорда әкімдігі қызметкерлер штатын қысқартып, бюджетті оңтайландырады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол президенттің тапсырмасына сәйкес, квазимемлекеттік секторда, сонымен қатар, аппараттың ішінде де штаттық құрылым мен бюджетті оңтайландыру жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«17 заңды тұлға оңтайландырылды, бюджет қайта қаралды. Өнімсіз шығындар 28 миллиард теңгеге қысқартылды. Қазір тағы 7 миллиард теңгені қысқарту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, барлығы 35 миллиард теңге оңтайландырылады», — деді Көлгінов онлайн брифингте.

Қала басшысы үнемделген ақша әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталатынын жеткізді.

Қаржының 14 миллиард теңгесі инженерлік инфрақұрылымға, 3,5 миллиард теңгесі білім, денсаулық сақтау жүйесін қолдауға және әлеуметтік жұмысқа бағытталмақ.

Үш миллиард теңгеден астамы шағын және орта бизнесті қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін субсидиялауға және тағы басқа міндеттерге жұмсалады.

Айта кетсек, төтенше жағдай кезінде астана әкімдігі мен ведомствоға бағынышты кәсіпорындар қызметкерлерінің 70%-тен астамы қашықтан жұмыстан істеді.

Оқи отырыңыз: Блок бекеттер әлі алынбайды – елорда әкімі 

Көлгіновтің айтуынша, карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты қазір көбі біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне оралып жатыр.



sputniknews.kz