Нұр-Сұлтан айналасындағы блок бекеттер қашан алынады

0

Қалаға кірген жағдайда тест нәтижесінің теріс болғанына қарамастан, 14 күн үй карантинінде болу керек

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Астанада жеті блок бекет карантин режимі аяқталғанша тұратын болады. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Егер мамырдың соңына дейін вирус жұқтыру көрсеткіші азаятын болса, біз қалалық штабта блок бекеттерді алып тастау мәселесін қарастырамыз»,- деді ол.

Қала әкімінің орынбасары ұшақтан бөлек, астанаға автокөлікпен келуге болатынын еске салды. 

«Біз алгоритм әзірледік, қазір жасыл дәліз арқылы қалаға кіруді қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар қалаға кірген жағдайда тест нәтижесінің теріс болғанына қарамастан, 14 күн үй карантинінде болу керек»,- деді ол.

Ал ұшақпен келгендер коронавирус белгілері байқалмаса, карантинге жатқызылмайды.

Әкім орынбасары астанада төтенше жағдай режимі кезінде бес мыңға жуық тұрғынның карантин режимін бұзғанын хабарлады.

«Төтенше жағдай кезінде 4 900 адам карантин режимін бұзғаны үшін жазаланды, 1 290 автокөлік автотұраққа жабылды», — деді ол.

Сонымен қатар әкім орынбасары карантин режимінің жеңілдетілгеніне байланысты қаладағы спорт нысандарында арнайы топтар отыз адамға дейін жаттығуға болатынын айтты.

Тағы оқыңыз: Тоқаев: Карантин өңірлерде біртіндеп алынады

«Мәдениет нысандарының жұмысына келер болсақ, театрларға көрерменсіз отыз адамға дейін дайындық жүргізуіне болады. Қызмет көрсететін баспа, тігін, аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау секілді қызметтер жақын байланыс жасамай жұмыс істейді. Сонымен қатар қалада халыққа қызмет көрсету орталықтары толық ашылады, барлық санитарлық норма сақталады»,- деді Мәкен.

Айта кетейік, елордада коғамдық көлік 12 мамырдан бастап қатынайтын болады. Сондай-ақ, 11 мамырда Қазақстанның астанасындағы барлық саябақ пен гүлзар ашылды.

 



sputniknews.kz