«НҰР ОТАННЫҢ» БЕДЕЛІ ПРЕЗИДЕНТ МЕРЕЙІН ӨСІРЕДІ

0

Рамазан CӘРПЕКОВ,
Заңнама институтының директоры:

– Рамазан Құмарбекұлы, сіздің көп жыл бойы құқық саласында еңбек еткеніңізді, Парламентке өзіңізді ұсыну арқылы сайлан­ғаныңызды білеміз. Ал партияға қашан мүше болғаныңыздан бейхабармыз. Сонымен партияға қалай келдіңіз?
– Партияға 2003 жылы мүше болдым. Оған дейін, яғни партия құрылған 1998-1999 жылдары Қостанай облыстық со­тын­да судья болып қызмет еттім. Заң талабына сәйкес, судьяларға саяси партия­ның не­месе қоғамдық бірлестіктің мүшесі болуға тыйым салынған. Себебі, судья қызмет барысында қандай да бір саяси көзқарасты көздеуіне болмайды. Судьялар ғана емес, проку­рор­лар, әскери қызмет­керлер мен арнайы қызмет өкілдеріне партия қата­рына өтуге рұқсат жоғын білесіз.
Бәрімізге белгілі, «Отан» – әу баста Президент сайлауы қарсаңында үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау штабы болып құрылды. Ол жылдары экономи­­ка­лық, әлеуметтік жағдайдың қиын кезеңін бастан кешіп жаттық. 1999 жылдың күзіне қарай Парламент Мәжілісінің сайлауы өтетін болды. Өз-өзімді ұсыну арқылы №44 Арқалық сайлау округі атынан сайлауға түсуге бел байладым. Бір округтен 13 адам түстік. Ол кезде партиялық тізім­мен өту деген тәртіп жоқ. 13 үміткердің біреуі ғана өтеді. Оның үстіне, біз сайлауға түсіп жатқан округ бұрынғы Торғай облысы мен қазіргі Қостанай облысының Наурызым, Әулиекөл, Қарасу ауданының аумағын қамтыды. Торғай облысы жа­былған соң біріккен аудандар ғой, окру­гімдегі сегіз-тоғыз ауданның алты аудан болып біріктірілген кезі. Сайлау тартысты өтті. Жұрт сонша үміткердің арасынан маған сенім артып, депутат етіп сайлады. Қараша айында Парламентке келдік. Сол кезде бізбен бірге «Отанның» мүшелері Ғалым Байназаров, Болат Әбілов, Серік Әбдірахманов да келді. Олар да өзін ұсынып өткен, бірақ қалталарында «Отан» партиясының билеті бар. Біздің тұсымызда Мәжіліс депутаттарының саны да аз – 77 адам. Сенсеңіз, ол кезде Президент әр тоқсан сайын Мәжіліске келіп, елдің жағдайы жөнінде ақылдасатын, әсіресе бюджет мәселесін талқылағанда өзі міндетті түрде қатысатын. Әрине, жанында Үкімет басшысы, министрлер де бірге келеді. Қазір ғой, барлық регламент өзгерген. Елбасының елді қиын жағдайдан қалай алып шықсам екен деп жанталасқан кезіне куәміз.
2002 жылы Мәжіліске Саяси партиялар туралы заң жобасы түсті. Палата басшы­лары осы заң жобасына жетекшілік етуді маған жүктеді. Партиялық құрылысты, партиялық жұмысты жетік білмейтінімді, менен гөрі Жоғарғы кеңестің төрағасы болған Серікболсын Әбділдин, Жоғарғы кеңестің президиум төрағасы болған Мақтай Сағдиев, Қаратай Тұрысов, Серік Әбдірахманов сияқты партия жұмысын жіліктеп талдап бере алатын адамдардың біріне берсеңіздер, оларға заңгер ретінде көмектесуге дайын екенімді айттым. Алайда соңғы шешім айтылған соң, заң жобасының жұмысшы тобына жетекшілік етуге кірістім. Аталған заң жобасымен жұмыс істеу кезінде партияның қандай күшке ие екенін, оның не үшін құрыла­тынын, біз талқылап жүрген заң жоба­сының алдағы уақытта қандай мәселелерді шешетініне көзім жетті. Заң жобасында партиялық ұйымдар тіркелу үшін қанша мүшесі болуы керек, өңірлер мен орта­лықтағы мүшелер санына қойылатын талап, бәрі ескерілді. Осы кезде маған Мәжілістегі партиялардан мүше болуға ұсыныс түсе бастады. Елбасы сапында жүрген адаммын, жұмысымыздың көбі сол кісінің нұсқауымен өтіп жатыр, сондықтан таңдауым Президент басқаруындағы партияға түсті. 2003 жылы «Отан» патрия­сына мүше болдым. Алғашқы жылдары фракция жетекшісі Қайролла Ереже­повпен Парламентте парталас болдым. Сол кісі­лерден Парламентте отырып, елге қызмет етудің қыр-сырын үйрендім.
– Сіздіңше, сол кездегі партия мен бүгінгі партияның айырмашылығы бар ма?
– Шыны керек, ол кезде дәл бүгінгідей партиялық күнделікті қарбалас жұмыс болған жоқ. Фракцияның өз жиналысы мен бюджет мәселесі қаралғанда болмаса, бәлендей қауырт шаруа есімде қалмапты. Қазір партиядан сайланған депутаттар аймақтарға барғанда партияластарымен кездеседі, сол өңірдегі сайлаушылармен сөйлеседі, өңірлердегі қоғамдық қабылдау бөлмелерінде халықтың мұң-тұқтажын тыңдайды. Қысқасы, олар қатысатын іс-шара өте көп. Бұл, әрине, партия жұмысы­ның анағұрлым жетілдірілгенін көрсетеді.
2007 жылы Конституциялық рефор­ма­да­н соң Парламентке партиялық тізім­мен өтетін болды, үшінші шақырылым кезінде Бас прокуратурада аппарат басшысы болып қызмет еттім. Сондықтан төртінші және бесінші шақырылымдарда «Нұр Отанның» тізімі арқылы депутат атандым. Партия мүшесі болған соң, фракция мүшесі, Президиум мүшелігіне сайландым. Астана қалалық партия ұйы­мында Саяси кеңестің мүшесі, оның сыртында Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қоғамдық ұйымды басқар­дым. Оған себепкер – Иманғали Нұрға­ли­ұлы. Астана қаласының әкім болып таға­йын­далған соң, мені партиялық жұмысқа шақырды. Өзі партияның Астана филиа­лының төр­аға­сы еді, бірге жұмыс істедік, ол кісі кет­кен соң, Әділбек Жақсыбеков, Әсет Исе­ке­шовпен де жұмыс істедім. 2016 жыл­дың 1 қаңтарында бесінші шақыры­лым жұ­мысын тоқтатқан соң, қоғамдық жұ­мысты тапсырдым. Қазір партбилетім қалтамда, жарнаны төлеп тұрамын. Бүгін, өзіңіз көріп отырғандай, Заңнама инсти­тутын басқарамын. Республикалық құқық­тық ақпарат орталығының директорымын.
– Судьялық қызметке тағайындалса­ңыз, партиядан шығасыз ба?
– Қолданыстағы заңда партия мүше­лігін уақытша тоқтатуға рұқсат берілген. Сол құқықты пайдаланамын.
– Партия дегенде, шектен тыс ресми адамдар елестейді. Шындығында, партия – қоғамдық ұйым, ал сол ұйымда қызықты оқиғалар бола ма өзі?
– Әдетте, партия өмірі сірескен ресми жиындардан тұрады деген ой қалыптас­­қа­ны рас. Алайда партиядағылар да ет пен сүйек­тен жаралған адамдар. Бізде де қы­зықты оқиғалар болады. Сондай бір есте қалар оқиға Мәжілісте болғаны есім­де. 2002 жылы депутаттар арасында бірінші бо­лып әке атандым. Қызымның есімі – Айнұр, биыл 16-ға толды. Ол кезде Пар­ламент депутат­тары қалалық әкімдіктің жанындағы ғимаратта отырады. Сенат пен Мәжіліс депутаттары бір есіктен кіріп-шы­ғамыз, бір асханаға барамыз, абыр-са­быр болып жүретінбіз. Балалы болған соң, дастарқан жайдым. Қайролла Ере­же­пов ағам қызыма «Отан­ның» жас мүшесі – «Жас отан» деген куәлік тапсырды. Сол жылдары «Жас Отан» тұрмақ, партияның атауы әлі «Нұр Отан» емес еді. Қызымның сол куәлігіне «Отан» партиясын басқарған Сергей Терещенконың қолы қойылған. Қысқасы, біздің үйде партияның екі билеті бар. Ал қызым «Жас Отанның» ең алғашқы мүшесі деуге болады.
– Бүгінде партия жұмысына қанша­лықты араласасыз?
– 2008-2016 жылдар аралығында пар­тия жұмысында өте белсенді болдым. Аста­на филиалы филиалдар арасында үз­дік болып жүрді. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы комиссияның мүшесі ре­тінде қан­шама кездесулер мен қа­был­даулар өткіз­дік. Мектептер мен ауру­ха­налардың тоқ­тап қалған құрылыстарына баратынбыз, балалар ауласы, ПИК жұмысы, ардагерлер мәселесіне араласуға тура келді. 2016 жылдан бері партия жұ­мысына араласып жүрмін дей ал­маймын. Тек ара-арасында бүгінгі қыз­метіме бай­ланысты заңдарға, Сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты мәсе­лелерді талқы­лауға шақырып тұрады.
– Партияның қалыптасуына еңбек сіңірген тұлғалар туралы не айтасыз?
– Бүгінгі күнге дейін партия сөзінің өтім­ді болуы, Парламенттен тиісті орнын алуы Президент беделінің арқасы екенін айтуымыз керек. Халық партияға әлі де сенеді, себебі партия басында Мемлекет басшысы тұр. Жасыратыны жоқ, «Прези­дент айтса ғана қозғаласыңдар» деп сы­нады да сайлаушыларымыз. Қалай деген­мен де, жақсы өмірден бәріміз де үміттіміз ғой. Солай болуы тиіс те. Партияның қа­лып­тасуына еңбек сіңірген Сергей Тере­щенко, Бақытжан Жұмағұлов, Нұрлан Нығ­матулин, Бауыржан Байбектің әрқай­сының қолтаңбасы қалды. Мүмкін­діктері сол кездегі жағдайға байланысты. Бүгінгі басшылықтың жұмысы да көңілден шығады. Қазіргі заман талабына сай әрекет етіп жатқанын байқап жүрмін. Нәтижесі де жаман емес. Осыдан 6-7 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда елдің ахуалы анағұрлым жақсарды. Өзім депутат кезімде Нарынқол, Қызылшекара, Жар­кент, Еңбекшықазақ, мына жақта Торғай сияқты шалғай аймақтарға жиі шыға­тын­мын. Көршілес аудандар еңсесін көтеріп қал­ғанда, барған аймақтардың жағдайы әлі нашар болатын. Бүгін көп тәуір.
– Сол кезде берілген уәделер қанша­лық­ты орындалды?
– Біз уәдені де ақылға салып бердік, экономиканың аяқ алысына қарадық. Сондықтан көтерілген мәселелер кезең-кезеңмен шешіліп жатты. Мысалы, Арқа­лық пен Торғайдың арасында 283 шақы­рымдық жол бар. Бұл жолдың жыры ұзаққа созылған-ды. Сол жолды жөндеуді бастауға қол жеткізіп ек, 100 шақырымы жөнделген соң, қалғаны қалып қойды. Ауызсу мәселесінің шешілуіне көмек­тес­тік, ол біздің ғана көмек емес, тиісті бағ­дарламалар арқылы жүзеге асқан жұмыс. Біз тек сол бағдарламаның уақытында жүзе­ге асуына, қаржының мерзімінде бө­лінуіне ықпал еттік. Шалғайдағы ауру­ха­налар елге қызмет етсін деп құрал-сайман­дарын алуына сеп болдық. Әлі есімде, 2002 жылы Торғай еліне Қаратай Тұрысов пен Мақтай Сағдиев аға екеуін алып бардым. Екеуі де кезінде сол өңірде басшылық қызмет еткен. Біз барған жылы Өмірзақ Шө­кеев әкім, Қостанайда бір жетідей жү­ріп, келіссөз жүргізе жүріп, үлкен мәсе­ленің шешіміне қол жеткіздік: халықтың «Электрсвет» мекемесіне қарызы 184 миллион теңгеге жеткен. Соны Үкіметке айтып, жойғыздық. Оның сыртында 6 айға дейін тарифті 50-60 пайызға дейін төмен­детті. Ол кезде Монополияға қарсы агент­тік төрағасы бүгінгі Премьер-министр Бақыт­жан Сағынтаев болатын.
Қостанай облысының бірнеше ауда­нында әкім болып қызмет еткен, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, бүгінгі зей­неткер Сабыржан Ахметов ағамыздың сұрауы арқылы Арқалық – Астана жолау­шылар пойызын сақтап қалдық. Сол кез­дегі Көлік министрі Абылай Мырзахметов «жолаушы аз, пойыз жүргізу тиімсіз» деген болатын. Сол кісінің қабылдауына барып, Торғайға не ұшақ ұшпайды, қыстыгүні автокөлік жүрмейді. Жалғыз көлік – по­йыз. Егер біз сол мәселені шешіп бер­ме­сек, ел-жұрт әбден бейнетке түсетінін тү­­сін­дірдік. Пойыз мәселесі шешілді. Қа­зіргі күні 7-8 вагоннан тұратын Астана – Ар­қалық пойы­зына билет таба алмайсыз. Жолаушы көп.
Жангелді ауданына барғанымда, бір топ әйел таңғы сағат 3-4-те пойыздан күтіп алып, зейнетақылары мен еңбекақыларын ала алмай, қатты қиналып жүргенін айт­қанда, түтіп жеп қоярдай кезең болған. Қан­шама адамның арасынан сені сайла­дық деп талаптарын айтады. Әрине, ол кезде қолымнан ештеңе келмес еді. Себебі, сол жылдары республикалық бюд­жеттің көлемі бүгінгі Ақтөбе облысының бюд­жетіндей ғана болатын. Ақша жоқ. Уәде беріп, «көреміз-көреміз» деп кеттім, бұл барлық өңірге тән құбылыс еді. Астананың өзі әлі жас, құрылысы жүріп жатқан кез. Президент резиденциясы құрылысы толық бітпеген. Парламенттің жанында тұрған ғимарат болған соң, Президенттің жұмыс орнына қалай келіп-кететінін, құрылыс арқылы кіріп-шығып жүргенін көрдік. Біздің халық парасатты ғой, екі-үш жылдан кейін жағдай түзеле бастады. Бүгін, шүкір дерлік. Кейін барғанымызда мәселе айтпақ түгілі, амандасуға адам таба алмайтын күйге түстік. Қазір жағдай жақсарды. Осыған «Нұр Отан» партиясының жүйелі жұмы­сы­ның себеп болғанын айтуымыз керек. Тия­нақты жұмыс жалғасса деймін. Қо­ғамға пайдасы тиетін бағытта жұмыс істей беру ләзім. «Нұр Отан» әркімнің көңілінен орын алатындай еңбектенуі тиіс. Өйткені партия беделін көтеру – Президенттің беделін өсіру деп білемін.

Әңгімелескен
Айдана БЕГІМ