Нұр Отанда денсаулық сақтау мәселесі талқыланды
Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Денсаулық сақтау, Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Бас прокуратураның, қоғамдық ұйымдардың және оқу орындарының өкілдері қатысты. Қаралған мәселе бойынша алдымен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева баяндама жасады.
Жиында бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған мәселелердің қатарында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау талаптары мен нормаларын сақтау, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық қызмет сапасын бақылау мәселелері аталды. Сонымен қатар жалпы инфекциялық ауру мен улану, өліммен аяқталу сияқты қоғамда жағымсыз пікір қалыптастырған басқа да жағдайлар орын алған сәтте тиісті мемлекеттік органның уәкілеттігіне шектеу қою кері әсерін беретіндігі айтылды. Оған қоса, шұғыл тексеру қағидаттарының болмауына байланысты кәсіпкерлік субъектілер қателіктерін жылдам түзеп, жіберген кемшіліктері үшін жазадан құтылып кетуде.
Сондай-ақ тәуелсіз сараптама, соның ішінде тәуелсіз медициналық сараптама, тәуелсіз сарапшы мәртебесі мен сарапшылық қызмет көрсету талаптарына қатысты нормативтік-құқықтық база жетілмеген.
Сөз сөйлеушілер денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алуына қайта бағдарлану қажеттілігі жөнінде айтты. Оның ішінде өзекті мәселелер ретінде міндетті екпе, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу, саламатты өмір салтын насихаттау, халықтың ақпараттандыру деңгейінің төмендігі назарға алынды. Баяндамашының айтуына қарағанда, соңғы жылдары елімізде созылмалы және жұқпалы ауруларды анықтау мен емдеуге жұмсалатын шығын өскен. Осы мақсаттарға кететін барлық шығындар 95 пайызды құраған.
Сонымен қатар денсаулық сақтаудағы жалпы қаражат көлемінің тек 3 пайызы ғана біздің елімізде алдын алу іс-шараларына жұмсалады, ал ЭҚДҰ мемлекеттерінде бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды.
Отырыста кәсіпкерлердің алдында кездесетін кедергілерді алып тастау, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі саласы үшін кадр даярлау, қоғамдық бірлестіктердің өнімдер мен тауарлар сапасын қамтамасыз етудегі рөлі, т.б. мәселелер талқыланды.
Жиын нәтижесі бойынша Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдардың атына ұсыныстар әзірленді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»