«Нұр Отан» партиясының 20 жылдағы эволюциясы

0

Биыл құрылғанына 20 жыл толатын Қазақстандағы билік партиясы «Нұр Отан» кезекті съезін ақпан айында өткізуге дайындалып жатыр. Қаңтардың 17-сінде партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев (ресми төраға президент Нұрсұлтан Назарбаев болып саналады – ред.) алдағы мерейтой жиынында 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарлама қабылданып, саяси кеңес құрамы жаңаратынын мәлімдеді. 20 жыл бойы атқарушы билік пен парламентті тұтас дерлік иемденіп отырған «Нұр Отан» Қазақстандағы саяси режимнің негізгі символына айналды.

"Нұр Отан" партиясының съезі. Ортада - президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 11 наурыз 2015 жыл.

«Нұр Отан» партиясының съезі. Ортада — президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 11 наурыз 2015 жыл.

1991 жылғы қыркүйектің 7-сінде Қазақ ССР Коммунистік партиясы тараған соң Қазақстанда бұрынғыша билікке жеке дара иелік ететін саяси ұйым қалмады. «Көп партиялы саяси жүйеге өту» процесінде қоғам белсенділерінің ынтасымен құрылған оппозициялық партиялар, биліктің өзі тілектес болған билікшіл партиялар да бой көрсетті. Бірақ ешбірі басым күшке айнала қоймады. Сол жылдары саяси өмірге белсене араласып, өзі де бір партия құрған саясаткерлердің бірі – Дос Көшім.

«ПАРТИЯ ЖҰТҚАН ПАРТИЯ»

— «Қазақстанда көп партиялы саяси жүйе орнығып жатыр» дегенді білдіру әрі кейбір саяси күштерді тежеу мақсатында билік өзі де саяси партиялар ұйымдастырып, қаржыландырды. Соның бірі – Қуаныш Сұлтанов пен Сергей Дьяченколар жетекшілік еткен «Қазақстан халық бірлігі» (ПНЕК – ред.) партиясы болатын. Бұл партияны 1999 жылы құрылған «Отан» партиясының ізашары деуге болады, — дейді Дос Көшім.

Азаттық тілшісімен сөйлескен парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да «Нұр Отаннан» бұрын да түрлі билік партиялары болғанын, «Қазақстан халық бірлігі» партиясы да елеулі рөл атқарғанын растайды. Аталған партияның басшылары Қуаныш Сұлтанов пен Сергей Дьяченко кейін ондаған жыл парламент депутаты болды.

«Отан» партиясы құрылған қарсаңды еске түсірген Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) төрағасы Жармахан Тұяқбай:

Жармахан Тұяқбай ЖСДП съезінде отыр. Алматы, 30 қаңтар 2016 жыл.

Жармахан Тұяқбай ЖСДП съезінде отыр. Алматы, 30 қаңтар 2016 жыл.

— Ол кезде партияларға қазіргідей қаржы бөлінбейтін. Жергілікті белсенділердің ынтасымен емес, биліктің бастамасымен құрылатын партия құруға мол қаржы керек еді. Ондай қаржы табу аса қиын болмаған сияқты. Өйткені билік ірі бизнесмендерден ақшаны қалай алудың тәсілін білетін, — деп баяндайды.

1998 жылы президент сайлауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау штабы ретінде құрылып, бірер айдан соң «Отан» партиясына айналған кезде бұл ұйым «Қазақстан халық бірлігі» партиясын ғана емес, «Қазақстанның демократиялық партиясын», «Қазақстанның либералдық қозғалысы» деп аталатын тағы да бірнеше ұйымды қосып алды.

1999 жылы өткен парламент сайлауында «Отан» партиясы көпшілік орынды иеленіп, «Қазақстандағы билік партиясы» деген статусын орнықтыруға кірісті. Одан кейін президент және парламент сайлауларының барлығында өзін жетекші саяси партия ретінде танытуға тырысты.

1990 жылдардың бас кезінде Қазақстанның социал-демократиялық партиясының жетекшісі болған Дос Көшім президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Отан» партиясы құрылғанға дейін ешбір партияға мүше болып кірмей, өзін бейтарап көрсеткісі келгенін айтады.

— «Президент партиядан жоғары тұруы тиіс» дейтін қағида бар еді, мемлекеттік қызметкерлер, жоғары оқу орындары, әскери және құқық қорғау ұйымдары партияға кірмеуге тиіс дейтін заң болатын. Кейін оның бәрі өзгеріп, «Нұр Отанға» кіріп кетті, — деп еске алады ол.

Дос Көшімнің сөзінше, 1991-1999 жылдар аралығында сайлау партиялық жүйе бойынша өтпейтіндіктен саяси партиялардың рөлі жоғары болмаған.

Саясаттанушы Дос Көшім.

Саясаттанушы Дос Көшім.

— Біз «Отан» партиясы алғаш құрылғанда-ақ коммунистік партияның қайта жанданып жатқанын түсіндік. Ол өзге саяси партиялардың көпшілігін түрлі себеппен жұтып қойды, тіпті әу баста оппозициялық партия болған «Ақ жолды» да жұтып қойғанын көрдік, — дейді ол.

Бұрынғы «Отан», қазіргі «Нұр Отан» партиясынан жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің арнайы мәлімдеме жасап, шығып кетуі сирек кездеседі. 1999-2004 жылдары парламент мәжілісінің төрағасы қызметін атқарған Жармахан Тұяқбай – осындай қадамға барған жалғыз жоғары лауазымды тұлға. Ол 2004 жылы «Отан» партиясы төрағасының орынбасарлығына сайланып, сол жылғы парламент сайлауында «Отан» партиясының тізімінде бірінші тұрған еді. Бірақ бұрынғы бас прокурордың бұл әрекетін «билікпен келісілген әдіс» деп сынағандар да болған. Тұяқбай сол кездегі демаршының себебін басқаша түсіндіреді.

— Партия президент әкімшілігінің айтқанымен жүріп-тұрмауы тиіс деп сайлау басталмай тұрғанда-ақ бірнеше рет мәлімдеп, БАҚ-қа материал жарияладым. Сайлауда онсыз да 50 пайыз алып тұрған партияға одан әлдеқайда көп дауыс қосып жазды. Парламент шын мәнінде көп партиялы болуы керек деген үндеуімді билік тыңдамаған соң оппозицияға кеттім, — деді ол Азаттық тілшісіне.

КОМПАРТИЯНЫҢ «НҰРПАРТИЯҒА» АЙНАЛУЫ

«Отан» партиясы төрағасы орынбасарының партия саясатына қарсылығын білдіріп, қызметінен кетуі және оппозицияға қосылуы 2004 жылдары билік пен оппозиция арасындағы саяси тартыстарда көрінді. Оппозициялық күштердің ортақ үміткері ретінде президент сайлауына түскен саясаткер Жармахан Тұяқбай қазіргі саяси жүйеде «Нұр Отан» партиясы авторитарлық режим партиясына айналды деп санайды.

— Бүгінде жұрт «Нұр Отанның» шынайы саяси күш емес екенін, оны ұстап тұрған билік ауысса, сонымен бірге кететінін түсініп отыр. Қазақстанның қазіргі жағдайына, жемқорлықтың өршуіне билік партиясы жауапты. Бірақ біз «билік партиясы» дегенде Нұрсұлтан Назарбаевты, «Нұрсұлтан Назарбаев» дегенде «Нұр Отанды» айтамыз, -дейді Жармахан Тұяқбай.

Саясаткер Дос Көшім қазіргі «Нұр Отан» партиясын мемлекеттік институттармен біте қайнасқан советтік компартияға ұқсастырады.

— Бұрын компартия жоғары тұратын, қазір ол рөл – президентте ғана. Бұрын БАҚ материалы «компартия шешімімен қаруланған еңбекшілер» деп басталатын, қазір «елбасының сарабдал саясаты, кемеңгер ойы арқылы» деп басталады, айырмасы – сол ғана, — дейді Көшім.

Азаттық тілшісімен сөйлескен саясаттанушы Андрей Чеботарев та кез келген партия сайлау кезіндегі бәсекеге араласып, шынайы қабілетін көрсетуі тиістігін айтады. Оның сөзінше, «Нұр Отан» — шынайы бәсекеден гөрі әкімшілік ресурстарға көбірек сүйеніп келе жатқан партия.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

— Қырғызстанның бұрынғы президенті [Құрманбек] Бакиевтің тұсында «Ақ жол» партиясы, Украинада [Виктор] Януковичтің тұсында «Аймақтар партиясы» («Партия регионов») болды. Екеуі де – «Нұр Отан» сияқты бір көшбасшыға сүйенген билік партиясы еді. Аталған президенттер кетісімен екеуі де саяси сахнадан жойылды. Постсоветтік кеңістікте билік партиясының бір де бірі билік ауысқаннан кейін жұмысын жалғастыра алған жоқ, — дейді ол.

Андрей Чеботаревтің сөзінше, «Нұр Отан» партиясының советтік компартиямен кейбір ұқсастығы болғанымен, айырмасы да айтарлықтай.

— Компартия мемлекеттің саяси жүйесін орнықтырушы және билеуші партия болды. Ол шын мәнінде билікті қолында ұстады. «Нұр Отан» билеуші партия емес, «Нұр Отан» билік басындағы адамды – президентті қолдау үшін құрылған саяси ұйым ғана. Бірақ «Нұр Отанның» қолында шын мәнінде билік жоқ екенін көріп отырмыз, — дейді ол.

«НҰР ОТАННЫҢ РӨЛІ ЗОР»

Мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар. «Нұр Отан» партиясы өкілдері соңғы жылдары тәуелсіз БАҚ өкілдеріне комментарий беруді сиретіп, ашық пікірталастан қашқақтайтын болған. Азаттық партияның ұстанымын білу үшін пікір алуға қол жеткізген аз адамның бірі – Мұрат Бақтиярұлы. 1990 жылдардың бас кезінен саяси ұйымдар жұмысына араласып келе жатқан парламент сенатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Мұрат Бақтиярұлы партияға қатысты айтылатын сынның бар екенін жоққа шығармайды. Бірақ «жемқорлықпен күрес үшін бір ғана партия жауап беруі тиіс деу – қате ұғым» деп есептейді.

Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

— Қазақстанда көп партиялы жүйе толық қалыптасты деп айта алмаймын. Елбасының (президент Назарбаев – ред.) өзі билікте жүрген соң партияның күшімен көп жұмыс істелді. Нарықтық қатынастың күрделі мәселелерін, ішкі саясаттағы мәселелерді шешуде «Нұр Отанның» рөлі зор, — дейді ол.

Мұрат Бақтиярұлы соңғы кездері Жапониядағы билік партиясының (Либерал-демократиялық партия – ред.) үлгісіне назар аударып жүргенін айтады. Оның сөзінше, ұзақ уақыт билік басында отырған Жапониядағы билік партиясының ішінде «әртүрлі ағымдар мен көзқарас бар, пікірталас көп».

— Партия пікірталас алаңы болуы тиіс. Бір партия мүшелерінің арасында көзқарас қайшылығы болуы мүмкін. Сондықтан «Нұр Отанның» ішінде де кей мәселелерге байланысты фракциялық көзқарастар болғанын қалаймын. Советтік компартияның догмалық тәсілдерінен бас тартуымыз керек. Партияның ішінде қоғамдық, саяси экономикалық мәселелер бойынша пікірталас жүруі тиіс, — дейді ол.

Азаттық тілшісі «Нұр Отан» партиясының Астанадағы бас кеңсесіне хабарласып, пікір сұраған еді. Баспасөз қызметі барлық сұрақтарды жазбаша жіберуді өтінді.

1999 жылы наурыздың 1-інде өткен «Отан» партиясының І құрылтай сьезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып сайланды. Осы съезде «Отан» партиясы «Қазақстан халықтар бірлігі» партиясын, «Қазақстанның демократиялық партиясын» және «Қазақстанның либералдық қозғалысы», «Қазақстан – 2030″ қозғалысы» деп аталатын ұйымдарды өзіне қосып алды.

2002 жылы қарашада Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы мен Республикалық еңбек саяси партиясын, 2006 жылы шілдеде «Асар» партиясын, сол жылы желтоқсанда Азаматтық және Аграрлық партияларды қосып алып, ірі билік партиясына айналды.

«Отан» партиясының атауы 2006 жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып өзгерді, бірақ 2013 жылы «халықтық-демократиялық» деген сипаттамасын қайтадан алып тастады.

«Нұр Отан» партиясы өзін «жемқорлықпен күресуші партия» ретінде таныстырады. 2008 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа 10 мәрте күйрете соққы беру» бағдарламасын қабылдаса, 2014 жылы 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа бағдарламасының жобасын қабылдаған.

Дереккөз: Азаттық