«Нұр Отан» партиясы «ел арасына іріткі салған арандатушыларға қарсы» митингі өткізді
Елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы 30 маусымда Нұр-Сұлтанда «ел арасына іріткі салып жүрген арандатушылардың қитұрқы әрекетіне қарсы» митингі өткізді. Бұл ақпарат партия сайтында жарияланған хабарламада айтылады.
Партия дерегінше, «Жерұйық» паркінде өткен шеруге шамамен 1500 адам қатысқан. Олардың арасында мәжіліс депутаттары да болған. «Нұр Отан» — парламенттің төменгі палатасындағы 107 орынның 84-іне ие.
Партия хабарламасына сәйкес, қатысушылар «жалған ұрандарымен елдің іргесіне сызат түсіруді көздейтін» «керітартпалардың» әрекеттері туралы ой-пікірлерін ашық жеткізген.
Рұқсат етілген акцияда сөйлеген депутат Бақытжан Ертаев шетелде жүргендерге «әлеуметтік проблемаларды желеу етіп, елдің ішіне ылаң салып, халықтың шырқын бұзуға ешқашан жол бермейміз» деп айтқан.
Депутат Павел Казанцев азаматтарды «деструктивті күштерге тойтарыс беруге» шақырып, 2009 жылдан бері шетелде тұрып келе жатқан бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты сынаған. Ол құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған. Қозғалыс тұрақты түрде жақтастарын үкіметке қарсы митингілерге шығуға шақырып келеді. «Ақша жымқырды», «адам өлтіруге тапсырыс берді» және өзге де айыптар тағылған Әблязов сырттай өмірлік жазаға кесілген. Әблязовтың өзі бұл айыптарды жоққа шығарып, істің саясиланғанын, биліктің өзінен өш алғысы келетінін айтқан.
Партияның хабарлауынша, митингіге қатысушылар қоғамда тұрақтылықты сақтауға шақырған.
«Нұр Отан» партиясы наурыз айында отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен сәуір айында Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде шығарған еді. 9 маусымда өткен президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, сайлауда 66 жастағы бұрынғы сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен.
Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстан билігін сайлау күні және одан кейін бейбіт наразыларды ұстағаны үшін айыптады. ЕҚЫҰ-ның бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.
Президент өкілетіне кіріскен Тоқаев Қазақстанда бейбіт митингілер туралы жаңа заң қабылданып, оны өткізуге рұқсат беріле бастайтынын хабарлаған. Сыншылар Тоқаев уәде еткен «жаңалықтардың бәрі» қазіргі заңда бар, билік түрлі сылтау айтып, митинг өткізуге жүйелі түрде рұқсат бермей отыр деп айтқан.
Осы аптада билік Алматы мен Нұр-Сұлтанда митинг өткізуге рұқсат берді. 30 маусымда Алматыда шамамен 900-ге жуық адам қатысқан бейбіт митинг өтті. Нұр-Сұлтанда өткен митингіде бірқатар саяси-әлеуметтік талаптар, АЭС салуға тыйым салу, митингілер, партиялар, сайлау туралы заңды қайта қарау сияқты талаптар айтылды.
ВИДЕО: Алматыдағы митингіде не айтты? (30 маусым 2019 жыл).