«Нумерология – жүліктердің ойлап тапқан шатпағы» — Ахметбек Нұрсила

0

Бұлар кәдімгі желілік маркетинг сияқты. Күн сайын қаулап, саны өсіп барады. Бұл – қазаққа келген диверсия. Коронавирустан мың есе қауіпті ауру. Бұл туралы Kznews.kz медиа-порта SN.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір байып кету мен бақытты болудың жолын көрсететіндер көбейді. Олардың ақылы тренингін бас-көз демей насихаттаушылар да жетерлік. Салдарынан қаншама адам ақпаратты жеке сүзгіден өткізіп, рас-өтірігін анықтамастан ақшасын желге ұшырып жүр.

Кәсіпкер, бизнес-тренер Ахметбек НҰРСИЛА кімді айыптады? Оны үгіттегендер НЕГЕ үнсіз?

– Әлеуметтік желіде елге ақыл айтып жүрген елге танымал біраз тұлғаның бетпердесін ашып жатырсыз ғой. «Сюцай» мектебінің негізін қалаушы Жанат ҚОЖАМЖАРОВ, оны жарнамалаған «бас би» Омар ЖӘЛЕЛ, әйел қауымына кеңес беріп жүрген ҚҰРАЛАЙ ханым, тіпті солардан сұхбат алған журналистерді де оңдырмапсыз… Жалпы, олардың алаяқ екеніне қандай дәлел-дәйегіңіз бар?

– Жанат Қожамжаровты бұрын да естігенім бар еді. Бірде құдағиым қояр да қоймай «барып қатысып көрші, нумерология туралы айтады екен» деді. Жалпы, өзім ғылымға ғана сенемін. Сиқырға, әулиелер мен емшілерге сенбеймін. Сосын нумерологияға, астрологияға қатысты жұлдызжорамалды да қыртынбай әңгіме деп санаймын. Оның бәрі – «аңқау елге арамза молданың» кері немесе білімі жоқ адамның шатпағы. Өйткені, әл-Фараби кезінде «Астрология – алаяқтардың жасаған жалған ғылымы» деп баға берген. Яғни, алаяқтардың, оңай жолмен ақша тапқысы келген жүліктердің жалған ғылымы деген.

Содан құдағиымды сыйлаған соң бардым. Үш жыл бұрын ғой деймін, «Қазақстан» қонақ үйіне кіріп келсем, 500-ден астам адам жиналған екен. Өзін «Жанат Қожамжаровпын. «Сюцай» мектебінің негізін қаладым» деп таныстырды. Өмір бойы темекі фабрикасында күзетші болғанын айтты. Он сыныптық қана білімі бар адам. Қытайға барып, бақсы боп келгенін де мақтанышпен жеткізді. Не қазақша, не орысша сауатты сөйлей алмайды. Сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына қарасам, мүлдем білімі жоқ адам екені белгілі болды. Шындығында, ақыл-есі ауысқан, терісқағыс сөйлейтін адам ба деп ойладым. 10 минуттан артық тыңдау мүмкін емес.

Бұрын Шонжыда Фархад ата деген шығып еді. Ол халық алдында «Мен – Құдаймын. Мен жерді, бүкіл адамзатты жараттым» дейтін. Сондай сандырақты тыңдайтын адам әуелі өзін сыйламайтын болар. Бірақ сол Фархадқа әлі күнге табынып жүрген мыңдаған адам бар. Мына Жанаттың әңгімесі де соның ар жақ бер жағы.

Бұл сол адамдардың осалдығын, білімсіздігін көрсетеді. Егер олар осы пікірін 4-5 жастағы балаға немесе осыдан он мың, жүз жыл бұрынғы алғашқы қауымдағы адамдарға айтса, сенетін шығар. Өкініштісі, алаяқтардың жиындарына қатысып жүргеннің бәрі – магиялық ойға сенетіндер. Содан 10 минуттан кейін «ренжімеңіз, мына шатпақты әрі қарай тыңдай алмаймын. Маған уақыт қымбат» деп шығып кеттім. Кейін мұны ұмытып кеткенмін.

Таяуда шәкірттерім «Сюцай керемет дамып жатыр. Бұған табынушылардың саны күн санап артып келеді. Жанат Қожамжаровтан сұхбат алсаңызшы» деді. Сол кезде бір жыл бұрын «Сюцай ғылымын қолдаңыз, оқыңыз» деп хабарласқан желтоқсаншы Құрманғазы РАХМЕТОВ есіме түсе кетті. Ол Қожамжаровтың телефонын тауып берді. «Жанат, сен қайдасың? Ахметбек деген қазақпын. Екеуміз сұхбат жасасақ» деп WhatsApp желісіне жазып жібердім. Ол «Иә, сізді танимын, құрметтеймін. Сұхбатқа қарсы емеспін. Қазір Дубайда жүрмін. Бірақ Қазақстанға келмеймін» деді.

Содан Инстаграм желісі арқылы сұхбат алатын боп келістік. Іле-шала бір сағаттан кейін бір оқырманым «Жанат тікелей эфирде сіз жайлы әңгіме айтып отыр» деп сілтемесін жіберді. Тікелей эфирге кірсем, мейрамханада бір қора қызбен отыр. Менің WhatsApp арқылы жіберген хабарламамды оқып: «Маған Ахметбек Нұрсила деген жазыпты. Өзінше жүрген бір тренер. Менің айтқандарымды орысшадан қазақшаға аударып күн көріп жүр. Негізі мен осындай тренерлердің атасымын», – деп көкіп отыр. Сол видео менде сақтаулы тұр.

Намыстандым да, Жанат Қожамжаровты жан-жақты зерттей бастадым. Youtube желісіндегі видеоларын қарап ем, төбе шашым тік тұрды. Алдына 20-25 жастағы қыздарды жинап алып: «Я имею вас раком», – дегенін естіп, жағамды ұстадым. Анайы сөздің жеті атасын айтады. Сосын қатысушыларына «Бүкіл ақпаратты сақтап қоямын, дәрістен шыққаннан кейін менің атымды үш рет айтып, шақырсаңдар білім миларыңа кіреді. Әрі қарай өздерің халықты жинап, ақша таба бастайсыңдар» дейді. Талай жас соған аузын ашып, сеніп отыр.

– Сонымен сізге сұхбат беруге келісті ме?

– Берді ғой. Тікелей эфирге шыққанда «Сізді құрметтеймін» дейсің де, мені сөзіңді ұрлап, күн көріп жүрген ақымақ санапсың. Бетіме былай, сыртымнан былай айтасың. Бұл еркектікке, адамгершілікке жата ма?» десем, «Бұл менің приколым» деп қарқылдап күледі. Дым ұялып отырған жоқ.

– Сонда сіз айтып отырған білімі жоқ адам «Сюцай» деген мектептің негізін қалап, осы кезге дейін 6 мың шәкірт дайындап үлгерген бе?

– «Сюцай» деген мектеп атымен жоқ. Жанат Қожамжаровтың шығарып алғаны. Авторы өзі. Оның «регалияларын» көрсең, тағы бас шайқайсың. Не орысша, не қазақша, тіпті ағылшынша бір ауыз сөз білмейтін адамға «Полный профессор Оксфорда» деген дипломды беруі мүмкін бе? 10 сыныптық білімі бар, күзетші болып жұмыс істеген адамға «Посол мира» деген атақты бергеніне сенесіз бе? Кім беріп жүр бұл атақты? Әлемдегі бірде-бір ғалымда, тіпті Аристотельде мұндай атақ жоқ. Тіпті, «галактиканың ғылым докторымын, көктен түскен Ғайсамын» деп айтса да, жұрт имандай сенейін деп тұр.

6 мыңнан астам шәкірті «Халықаралық дәрежедегі Сюцай мастері» атағына ие болған. Оның әрқайсысының бір сағаттық тренингі – 1 млн теңге. Біреуі – құрылысшы, енді біреуі – спортшы. Медицинаға, психологияға мүлдем қатысы жоқ адамдар.

Жын шығарып жүрген Александр КИМ деген бар. Нұрлан ЕСІПБАЙ, Рамадан РАХМАТУЛЛА, Мәди ӨМІРҒАЗИЕВ деген шәкірттерінің өзі жүздеген шәкірт дайындап жатыр. Бұлар кәдімгі желілік маркетинг сияқты. Күн сайын қаулап, саны өсіп барады. Бұл – қазаққа келген диверсия. Коронавирустан мың есе қауіпті ауру. Бірақ ой-сананы улап жатқан соң көзге көрінбейді. Короновирустан дәрі-дәрмектің, вакцинаның күшімен құтыла алдық. Ал бұл індеттен тек халықтың көзін ашумен, ағартушылық жұмыс жүргізіп қана құтыламыз.

– 1 млн теңге тұратын Қожамжаров тренингінің басты «фишкасы» не?

– Әйелдерді жалаңаштап қойып, темірді отқа қыздырып, арқасына су бүркиді екен. Егер арқасы күйіп жыласа, бас салып боқтайтын көрінеді. Мұны тренингіне қатысқан адам айтып отыр. Содан кейін біреуге Кенесарының, енді біреуге Рәбия сұлтанның «әруағын қондырып» береді. Мұны көре тұра, қалай ашынбайсың?!

– Адам бойына әруақ қондыратын «қабілеттілерді» насихаттап, үгіттеп жүргендер неге жауап бермей отыр деп ойлайсыз?

– Ол ол ма, Жанат Қожамжаров кәдімгі өз аты-жөні, тегі бар бір қызға «Саған Кенесарының әруағын қондырдым» деп «Сәуле Кенасарықызы» деген жаңа есім-сой берген көрінеді. Қазір сол Сәуленің өзі Астанаға кеп мыңдаған адамға тренингтер өткізеді. Ал оны «Қазақтың бас биі» болып жүрген Омар ЖӘЛЕЛ «Сәуле Кенесарықызы деген – «Сюцайдың» мастері. Өзім осы тренингке қатысып жатырмын. Сіздер де келіп, қатысып, қолдаңыздар» деп жұртты үгіттесе, 1 млн 500 мың оқырманы бар Құралай ханым «әлем елшісі» деп жарнамалайды. Өзі адасқанымен қоймай, оны тыңдап, Құдайдай сенетін қандастарымызды да адастырып жүр. Не бұлардың есі дұрыс емес, не болмаса шетелдік ұйымдардан ақша алған. Екеуінің бірі.

Жанат Қожамжаровтан сұхбат алған журналистер өздерінің жауапкершілігін сезіне ме екен? Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫ да, Динара СӘТЖАН да, Құралай да, Омар Жәлел де «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп отыр. Оларды белгілеп пост жазсам да, жауап бермеді. Олар «Біз бұл Жанаттың осындай екенін білмедік, қателестіппіз» немесе «оныкі дұрыс, сіздікі дұрыс емес» деп жауап жазуы тиіс қой. Сұхбат беруші туралы зерттеп, ізденбей ме?

– Сіз енді қаншама адамның қоғам алдындағы шынайы бет-бейнесін ашып, әшкере еттім дейсіз. Олар сізді сотқа берсе, дәлеліңіз бар ма?

– Берсін. Менің айтқандарым өтірік болса, осы кезге дейін «мәу» дейтін еді. «Мынау айғайлап-айғайлап» қояды, біз әрі қарай елді алдай береміз» деген тактика ұстанып отырған шығар. Халықтың ақшасын қалтасынан суырып алу да үй тонау сияқты қылмыс. Ал жұрттың санасын улап, адастыру – одан жүз есе артық. Ашық дебатқа шығып, алаяқтарды жарнамалап, елді не үшін адастырып жатқанын айтсын.

Өз басым «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп отыра алмаймын. Қазір бүкіл қазақ солай қарап отыр. Жекеме шығып, «Ол кісіде нең бар?» деп жазғандар көп.
Осы бір-екі күнде журналист Аман ТАСЫҒАНҒА жаздым. «Бұл менің ғана елім емес, сендердің де мемлекетің ғой. Мынадай бассыздықты көріп, неге «әу» демейсіңдер?» дедім. Журналист Нартай АРАЛБАЙҰЛЫНА да жаздым. Үндемейді.

Менің жазғандарымды көзіқарақты адамдардың көбі оқиды. Тек адвокат Абзал ҚҰСПАН, блогер Садық ШЕРІМБЕК пост жазып, қолдады. Қалғаны «өз басым аман болсын» деп сырттан қадағалап қана отыр. Басқа бір қоғам қайраткері, депутат, коуч бір ауыз сөз айтқан жоқ. Қоғамдағы ең қауіпті адам коррупционер, ел тонап жүрген адам емес. Ең қауіптісі – немқұрайлы адам.

– Осындай тренингтерге баратындардың қателігі неде деп ойлайсыз?

– Сирияға барғандарды екі-үш жыл түрмеге жатқызып, профилактикалық сауықтырудан өткізеді ғой. Сол сияқты Жанаттың да тренингіне барғандардың тізімін алып, «психикалық ауытқуы бар» деген анықтама беру керек. Оларды қоғамнан аластап, психологтар бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Шын мәнінде, нағыз есінен адасқандар – осылар. Біз бүкіл қазақтың көзін ашуымыз керек.

– Қазір сізді де «100 мың теңгелік курс сатып жатыр» дейді ғой. Рас па?

– Қазір гипнотерапиямен айналысып, жоғары білімді дәрігерлермен жұмыс істеп жатырмын. Сіз айтып отырған курсты Айдана деген келіншек ұйымдастырып жатыр. Ал өзімнің 30 мың теңге тұратын «Өз жанартауыңды оят» деген 30 күндік курсым бар.

Ақпарат көзі: Sn.kz