Нумеролог: Биыл Қазақстан үшін өте жақсы жыл болады

0

2021 жылдың бірінші жарты жылдығында елдің ішкі жалпы өнімі екі жарым пайызға дейін кемуі мүмкін, ал екінші жарты жылдықта 4 пайызға дейін өседі. Бұл, әсіресе, биыл дағдарыстың ащы дәмін татқан еліміз үшін ақжолтай жаңалық.

Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанса, халықтың тұтынушылық белсенділігі артып, шағын және орта бизнестің де тамырына қан жүгіре бастауы тиіс. Бұл ұлттық банктің болжамдары. Мұнай бағасына келсек, ол бареліне 40 доллардың арғы бергі жағында болады, деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.

Әрине бөрікті аспанға ататын, ауыздан ақ май ағатын күннен алыс десе де, біртіндеп экономиканың тынысы кеңеюіне алғы шарттар жоқ емес. Десе де тек үмітпен емес, нақты талдаулардан түзілген есептеулерге иек артсақ. Сарапшылардың салқынқанды болжамдары не дейді?

Әлем жұртын алаңдатқан нөмірі бірінші сауал алдағы жылы пандемия тоқтай ма? Себебі оның биологиялық зардабымен қатар экономикалық салдары да бар. Вирусты тышқан жылында қалдырып, сиыр жылында біржола құтылсақ деген үміт әркімнің көкейінде. Бірден басу айтайық, вирус ешқайда кетпейді. Ол енді тұмаудың бір түрі ретінде адамзатпен қалады.

«Коронавирус ешқайда кетпейді. Бұл бір, неге десеңіз, халыққа тарап кетті. Екіншіден, сол екпенің көмегімен бактериядан, вирустан құтылдық. Үшіншіден, ауырмауға тырысу керек. Алдағы жылы ол біздің қолымызда», — деді вирусолог Динагүл Баешева.

Енді тышқан жылы пандемиядан оңбай соққы алған салаларды алдағы жылы не өзгеріс күтіп тұр. Сайып келгенде сіз бен біздің келесі жылғы тұрмысымыз соған байланысты емес пе?

Сарапшылардың сөзіне құлақ түрейік. Ел бюджетінің 44 пайызын мұнайдан түскен пайда құрайды. Былтыр тек сервистік компаниялар қазынаға 1,5 миллиард теңге салық құйса, алдағы жылғы болжам 40 пайызға кем. Вирустың ошағына айналып, қайта қайта тұрағалан мұнай компанияларында биыл 20 мың адам жұмыссыз қалыпты. Келесі жылғы болжам да солай.

«Алдымыздағы жылы біз ешқандай инвестициялық салымдар күтіп отырған жоқпыз. Инвесторлар 2021 жылы оянбайды. Дүниежүзілік банк қазіргі таңда ең тиімсіз қаржы жұмсайтын сала — мұнай саласы деп шешім шығарған. Сондықтан инвесторлардың қосымша қаржы алатын көздері жабық. Келесі жылы бұдан да қиын болады. Қазіргі таңда бірде бір компанияларда  келісім шарттар жоқ», — деді Рашид Жақсылықов.

Кез келген экономиканың қозғаушы күші — орта және шағын бизнес. Ал бұл саланың да биылғы пандемиядан зардап шеккенін ескерсек, кәсіпкерлерге алдағы жылда аяққа тұру оңай болмайды, дейді сарапшы. Карантин кезінде 13 мыңдай кәсіпорын жабылып, 100 мыңнан астам шағын бизнес нысаны өз жұмысын тоқтатты. Алайда жаңа талаптарға өз кәсібін лайықтаған 13 мың кәсіпорын мен 120 мыңнан астам жеке кәсіпкер карантин кезінде қайта ашылып, өз ісін дөңгелеткенін ескерген жөн.

«Онлайн бизнес дейді, интернет арқылы сауда жасау, АйТи технология арқылы шет елге өз өнімін шығару, ең жақсысы инвтестиция. Осыған үйренген бизнес иелері табысын жоғалтпайды. Шағын бизнестің жандануына мемлекет тарапынан көмек болуы керек. Салық жағынан не болмаса банк алдындағы қарызын өтеп берсе, ол бизнестер де есін жинап кетуге мүмкіншілік алады», — деді экономист Ләззат Нұрғалиқызы.

Экономиканың тағы бір маңызды саласы  тұрғын үй нарығы. Көктемде үйінде отырып қалған жұрт жазда пәтер саудасын қыздырып, оның бағасын 20 пайызға дейін қымбаттатты. Жаңа жылдан бастап 700 мың адам зейнетақы қорынан алған ақшасын жылжымайтын мүлікке салады деген болжам бар.

«Негізі келесі жылы өте көп өзгерістер әкеледі. Сол өзгерістерде адамдар өздері тоқтап қалмау керек. Өзгеріс болған сайын, адам өзі де өзгеру керек. Өте жақсы жыл болады. Негізі келесі жылы саяхаттау жылы болады. Пандемия тоқтап, экономикамыз өседі. Сандар солай дейді», — деді нумеролог Гүлнәз Найманханова. 

«2021 жылы осы жылға қарағанда оңайырақ болады. Әсіресе, көктем кезеңі, күз кезеңі. Осы жылда бізді көптеген астрономиялық оқиғалар күтеді. Сонда планеталар шеруі. 4 тұтылу дәлізі болады. Көп адам қазір қаржы туралы сұрайды. Келесі жылы сәуір айында жағдайымыз жақсарады», — деді астролог Кәмила Дэви.

Иә жұлдызшының сөзінше, сәуір болмай тәуір болмайды. Сонымен экономиканың әр саласының жілігін шағып, майын жеген сарапшылардың пікірінше, алдағы жылы еліміз үшін оңай соқпайды.

Сиыр жылы сан түрлі сиқырға толы өзгеріс жылы болмақ. Ал адам сенгісі келген дүниеге сенеді емес пе, ендеше лайым алдағы жыл расымен де сәтті болар деген сенім жаңа жыл түні сіз бен біздің көңілімізге медеу болсын