НУ магистранттары «Қазцинк» компаниясында тәжірибеден өтпек
Бағдарлама аясында аталған оқу орнының 20 студенті Көкшетау, Риддер және Зырян қалаларына келіп, тау-кен өндірісімен жете танысып, білімдерін тәжірибемен ұштастырып қайтты.
Елбасы қазан айындағы Жолдауында еліміздің білім саласы жаңартуды қажет ететіндігіне тоқталып, білім сапасын көтеріп, түлектердің жұмысқа орналасуына көңіл бөлу керектігін ерекше атап өткен еді. «Президент білім саласындағы түйткілді мәселелерді айтып қана қоймай, одан шығудың жолдарын да көрсетті. Жолдау тұтастай алғанда біздің компанияға, оның әрбір қызметкеріне қатысты деуге болады. Жұмыс беруші ретінде Мемлекет басшысының жоғары оқу орындарындағы білім сапасын көтеру туралы айтқандарын толығымен құптаймыз. Өз жұмысына жетік, кәсіби мамандарды әзірлеу ірі компаниялар үшін де, университет үшін де аса маңызды. Қазіргі уақытта жастар заман талабына сай техникалық білімді көбірек алғандары абзал. Біздің кәсіпорын бұл іске белсене араласып, Назарбаев Университетпен тығыз ынтымақтастық орнаттық», дейді «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Өндірісті өңір Шығыста тәжірибеден өткен 20 студенттің бірі – оралдық Айтолқын Язитова. «Риддерде алғаш рет болдым. Ерекше тәнті еткені, сұлу табиғат пен мейірімді адамдар. Мені «Қазцинк-Шахтостройдың» маркшейдер бөлімінің қызметкері Анастасия Кузнецоваға бекітті. Ол кісі барлығын мұқият түсіндіріп, сұрақтарыма жауап берді. Шахтаға өзімен бірге алып түсіп, маркшейдер жұмысының мәні мен маңызын, ерекшеліктерін жақсылап айтып берді. Тәжірибе барысында өндірістегі жұмыс барысын көзбен көріп, кенші мамандығының қиындықтары мен қызықты тұстарын сезінгендей болдым», дейді ол.
Назарбаев Университеттің «Тау-кен ісі» бағдарламасының үйлестірушісі Данияр Малғаждар еліміздегі іргелі өндіріс орындарымен ынтымақтастықты алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отырғандарын айтады. «Сала көшбасшылармен бірлесе қолға алынған мұндай жобалар кенші мамандарының мәртебесін жаңа белеске көтереді. Өйткені болашақ жас мамандарға заманауи өндірісті өз көздерімен көруге мүмкіндік бар. Университет студенттері тек тәжірибеден өтіп қана қойған жоқ, қалыптасқан, үлкен ұжымның тыныс-тіршілігімен де жақынырақ танысты», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы