«НТВ-Мирді» тарататын медиахолдингке бейтарап бола алмағаны үшін айыппұл салынды

0

Британияның Ofcom медиареттегіші Ресей телеарналарын, соның ішінде»НТВ-Мир Балтия» арнасының халықаралық нұсқаларын трансляциялайтын Baltic Media Alliance компаниясына 20 мың фунт айыппұл салды.

Айыппұл Сергей және Юлия Скрипальдың Солсбери қаласында уланғаны жайлы «НТВ-Мир Балтия» арнасы 2018 жылы 2 сәуірде жариялаған жаңалықтар сюжетіне байланысты салынған. Ofcom сюжет авторлары бейтарап ұстанымда болмаған, Ұлыбритания үкіметінің ұстанымын сынаған бірнеше мәлімдемелерді таратып ( атап айтқанда – Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі), өзге пікірлерді ескермеген, осылайша Британ медиареттегішінің ережесін бұзған деген тұжырымға келген.

Ofcom медиареттегіші Baltic Media Alliance медиахолдингі лицензиясын иеленіп отырған «НТВ-Мир Балтия» және «НТВ-Мир Латвия» телеарналарының бейтарап болу принципін бұзғанын осымен алтыншы рет тауып отыр.

Baltic Media Alliance компаниясы негізгі қызметін Латвия, Литва және Эстонияда жүргізсе де Ұлыбританияға тіркелген. Медиахолдингке «Первый Балтийский Канал», РЕН ТВ және «НТВ — Мир» телеарналарының түрлі нұсқалары кіреді. Baltic Media Alliance басқарма төрағасы Уфа қаласының тумасы, бизнесмен Олег Солодов.

Ресей арнайы қызметінің бұрынғы полковнигі Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия 2018 жылы 4 наурызда Британияның Солсбери қаласында уланып, ұзақ емделіп, аман қалған. Британия із кесушілері оларды Александр Петров және Руслан Боширов деген паспортпен Британияға кірген Ресей азаматтары улаған деп күдіктенеді. Bellingcat тергеу орталығы мен оның серіктестері Петров пен Боширов Ресей арнайы қызметінің офицерлері — Александр Мишкин мен Анатолий Чепига деп санайды. Кремль «Скрипальдердің уланғанына қатысымыз жоқ» деген уәж айтқан.

Azattyq