Норвегияда «Ұлы даланың жеті қырына» арналған жиын өтті

0
09 Желтоқсан 2018, 10:24 392 0

Фото: Норвегиядағы Қазақстан елшілігі

Астана, BAQ.KZ. Еліміздің елшілігінің ұйымдастыруымен Осло қаласында «Норвегиядағы Қазақстанның Ұлттық күні» өтті. Шараға Норвегия Корольдігінің билік, саяси партиялар, мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдар, БАҚ, бизнес, дипломатиялық корпус, сондай ақ жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері жиналды. Бұл туралы Норвегиядағы Қазақстан елшілігі хабарлады.

Қазақстан дипломаттары қонақтар назарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабын норвег тілінде, Сириядағы шиеліністі жағдайды шешудегі Астананың үлесі туралы «Бітімгер» еңбегін тағы басқа кітаптарын ағылшын тілінде ұсынды.

Жиынға қатысушылар Қазақстан Президентінің «АТОМ» бастамасына қолдау білдіріп, іске асыру мақсатында ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі петицияға қол кою акциясына қатысты.

Норвегия діни ұйымдармен байланыс Кеңесінің басшысы Ингрид Розендорф Қазақстанның бастамасына қатысты пікір білдірді.

«Бұл заманауи аса қажет бастаманы қолдаймын. Мен Қазақстанның басқа да халықаралық бастамаларымен жақсы таныспын. Қазан айында Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндердің сьезіне қатысып, Қазақстан Президенті мен Үкіметі діндер аралық диалогты барынша жеңілдетуге қыруар жұмыс жасап жатқанына күә болдым. Бұл Норвегияда біздің атқарып жатқан шаруалармен үндес. Қазақстан – жыл сайын конфессиялар саны өсіп келе жатқан ел. Діннің көптігі азаматтық қоғамның, өзара түсіністіктің дамуының кепілі деп білемін. Қазақстанның дінаралық серіктестікті әлемдік деңгейде белсенді насихаттауы бізді тамсандырады», — деді ол.

Шақырылғандар Елбасының Қазақстан Халқына Жолдауында жария етілген бастамаларымен және жақында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған ұлттық тарихымыздың, мәдениетіміздің жаһандық өркениетке қосқан үлесі туралы кеңінен танысты.

Сондай ақ, қонақтарға Қазақстанның туристік мүмкіндіктері арнайы таныстырылды. Қазақстанның туристік хабының жаңа мүмкіндіктері жайлы «Қазақ туризм» отандық компаниясы мен келер жылы тұрақты түрде Ұлы дала еліне туристік сапарлар ұйымдастыруды қолға норвегиялық «Витус» компаниясы жиналғандарға толыққанды ақпарат берді.

«Максишипинг» логистикалық компаниясының коммерциялық директоры Кристиан Клемметсен: «Қазақстанның туристік мүмкіндіктерімен қатар транзиттік, логистикалық мүмкіндіктері де бізді қызықтырады. Біздің жүк тасымалы теміржол поездары Еуропадан Орталық Азияға тауар тасиды. Сондықтан Қазақстанның құрлықтағы логистикасына сұраныс жоғары. Шынында да, бұл өте тиімді маршрут, теңіз жолынан жылдам, әуе қатынасынан әлдеқайда арзан.

Қазақстан Президентінің ұлттық сананы түлеткен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған терең ойларды жаһанға жеткізу мақсатында, қазақтың тарихы мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін «Сән мен Сахна» халықаралық фестивалінің көрсетілімі болды. Фестиваль директоры, белгілі этно дизайнер Ханум Айдаштың бұл скандинавия еліне екінші сапары. Осы жолы фестиваль шеңберінде норвегиялықтарға қызылордалық этнодизайнер Қарлығаш Ільясова мен ақтаулық Мөлдір Бекібаеваның «Шын жүректен» коллекциясы таныстырылып, жиналғандарды тамсандырды.

Осло қаласындағы «Кон-Тики» мұражайының директоры Мартин Бил Қазақстан мәдениетімен танысқанына қуанышты екенін жеткізді.

«Мен үшін Норвегиядағы Қазақстан күніне қатысу үлкен құрмет. Қазақ ұлттық киім үлгілері таныстырылған шоу өте керемет болды. Қазақстан Норвегиядан өте алыс, сондықтан мен миллиондаған скандинавиялықтар санатында қазақ жерімен, мәдениетімен таныс емес едім. Алайда, бүгінгі шараның арқасында Ұлы дала елімен де, халқымен жақынырақ танысып, тәнті болдым. Тіпті өзімізбен ұқсастықтар тауып таң қалдым!» — деп бөлісті әсерімен.

Суреттері әлемнің ондаған елдерінде жекелеген коллекцияларда сақталған, белгілі суретші, Қазақстан еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Гүлмира Телғозиеваның сурет көрмесі де Ұлы дала өркениеті мен ұлттық болмысымызды викингтер еліне танытудың заңды жалғасы іспеттес болды.

«Норвегиядағы Қазақстанның ұлттық күні» Қазақстан тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған дипломатиялық қабылдаумен аяқталды. Жиын барысында Норвегия Корольдігіндегі Қазақстанның уақытша сенімді өкілі Ільяс Омаров екі жақты байланысты дамыту бағытында үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстар жайлы айтып берді. Дипломат Қазақстан Норвегия елімен жан жақты кеңінен серіктестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.

«Сондықтан қазақстандықтар фьордтар елі туралы, ал норвегиялықтардың ұлы дала елі жайлы танымы барынша өсетіні сөзсіз», — деп сенім білдірді.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ