Нөмір сатудан 4 миллиард теңге табыс түсті
2018 жылдың екінші тоқсанынан бастап, мемлекеттік нөмірлерге G, I, J, Q әріптері жаңадан енгізіліп, ақылы негізде сатыла бастағаны белгілі. Жыл қорытындысы бойынша нөмір сатудан түскен қаржы көлемі 4 миллиард теңгені құраған.
Айта кетерлігі, өткен жылдың басында елімізде адам атының алғашқы әріптері жазылған көлік нөмірлері де сатылымға шыққан болатын. Онда әркім әріптерді өзі қалаған күйінде жаздыра алады. Бірақ оның өзіндік құны да бар. Мәселен, 010, 020, 030 деген нөмірлер шамамен 138 мың теңге тұрады. Ал оған қалаған әріптерді қоссаңыз, 276 мың теңгеден асып жығылады.
Қазақстандық автобизнес қауымдастығы таратқан ақпаратқа сәйкес, былтыр әкімшілік полиция органдарында барлық үлгідегі, оның ішінде қайта ресімдеуден өткен, автомобиль ауыстырған 1,2 млн көлік құралын тіркеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға жоғары.
2018 жылдың басынан бері тіркеуге тұрған көлік саны ай сайын 7,5 пайызға артып отырған. Тіркелген көлік санының көлемі бойынша өңірлер мен ірі қалаларға тоқталар болсақ, Түркістан облысы бойынша – 173 925 автокөлік, Алматы облысында – 173 453, Алматы қаласында – 151 030, Астана қаласында – 101 431, Қарағанды облысында – 81 967, Шығыс Қазақстан облысында 73 130 автокөлік тіркеліпті.
Аталған қауымдастық жүргізген сараптама нәтижелері бойынша еліміздегі автопарктердің «қартайғаны» анықталып отыр. 2018 жылдың бас кезіндегі жағдай бойынша жаңадан тіркелген көліктердің 790 171-інің зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан. 20 жылдан артық жүрген машиналар саны − 464 236. 10-20 жыл аралығында жүрген көліктер саны – 325 935 бірлік. Ал 3-10 жыл аралығындағы техника саны – 290 205, 3 жыл толмаған көліктердің қатары – 112 833.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/