Нобель сыйлығының иегері Дмитрий Муратовқа шабуыл жасалды

0

Мәскеу-Самара пойызында Нобель сыйлығының иегері, «Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Муратовқа ацетон араласқан майлы бояу шашып кетті. Бұл туралы ол «Новая газета.Еуропа» басылымына айтты.

Оқиғаның қай жерде болғаны нақтыланбады. Кешкі 08:10 уақытында Қазандағы вокзалдан «Жигули» пойызы жүрген. Шамасы ол сол пойызда болған. «Новая газета.Еуропа» басылымында пойыздың тоқтатылғаны айтылады. Муратовтың сөзінше, шабуылдаған адам «Муратов, мә саған біздің жігіттер үшін» деп айтқан.

Муратов 2021 жылғы қазанда филиппин журналисі Мария Рессамен бірге Нобель бейбітшілік сыйлығын алған. Журналистерге бұл сыйлық «демократия мен бейбітшіліктің шарты саналатын пікір еркіндігін қорғауға деген талпынысы» үшін берілді. Наурыздың соңында Муратов өзіне берілген Нобель медалін аукционға қойып, түскен ақшаны украин босқындарына аударатынын айтқан. Ол тараптарды атысты тоқтатып, тұтқын алмасып, қаза тапқандардың мәйітін қайтаруға, гуманитарлық дәліз ашуға шақырған.

Осының алдында «Новая газета» басылымы жұмысын «Украина аумағындағы арнайы операция тоқтағанша» тоқтата тұратынын мәлімдеген. Оған дейін басылым Роскомнадзордан екінші рет ескерту алған. Содан кейін билік газеттің лицензиясын тартып алуы мүмкін еді.

Ақпан соңында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін «Новая газета» Кремльге бағынышты емес бұқаралық ақпарат құралдары ішінде Ресейде қалып, бұғаттаудан аман қалып келген санаулы басылымның бірі еді. Басылым билік талабына көніп, «соғыс» сөзінің орнына «арнайы операция» сөзін қолданып келді. Бірақ газет Украинадағы жағдай туралы жазбады.