Нью-Йоркте қазақ мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы өтеді
Нью-Йорк қаласында 4-7 желтоқсан аралығында Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениет және әдебиетінің Халықаралық форумын өткізеді.
Форумның мақсаты – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануы. Форум әлемдік қауымдастыққа қазақстандық шығармалармен танысуға және қазақ авторларының әлемдік жаһандық әдеби үрдіске бірігуіне мүмкіндік береді.
АҚШ-та өтетін форумға, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп арнайы сапар шекті. Сонымен қатар ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат ордені» иегері Шөмішбай Сариев, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, танымал журналист Марат Тоқашбаев, жазушы, сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, жазушы, журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, белгілі тележүргізуші Майя Бекбаева және т.б. қатысады. Форум аясында Қазақстандық кітаптардың тұсаукесері және «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» фотокөрмесі өтеді. Аталмыш форум бұған дейін Сеул, Лондон және Берлин қалаларында өткізілген болатын. Іс-шаралар аясында қазақстандық әдебиет, мәдени алмасу мен ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну, мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру үшін көпфункционалды жұмыстар атқарылды. Іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді, сонымен қатар, өзара әріптестік аясында шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы шетел әріптестерінің қызығушылығын тудырды.
А.Ахметқазы