Нью-Йорктағы Kazakhtown. Америкадағы қазақтың 10 жылда өзгерген өмірі
Еркебұлан Кәкімбеков – Қостанай облысының тумасы. Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алған. Шығыстану факультетіндегі бакалавр деңгейінен кейін магистрлік оқуды АҚШ-та жалғастыруды жоспарлайды. Еркебұлан 2008 жылы алдымен америкалық қоғамның қандай екенін өз көзімен көріп, сосын тілін жетілдіру үшін Work and Travel бағдарламасымен мұхиттың арғы жағына ұшады.
– Америкалық университеттердің бірінде оқу үшін ағылшын тілін академиялық деңгейде білу керек. Сондықтан ағылшын тілін үйрену үшін арнайы курсқа жазылдым. Бірақ жылжымайтын мүлік секторының дағдарысы (2008 жылы америкалық алып қаржы институттарының әдейі жасауымен болған дағдарыс – ред.) қоғамды есеңгіретіп жіберген болатын. Ол кезде курста оқу түгілі, күнкөріс үшін жұмыс табу қиынға соққан еді, – дейді Еркебұлан.
Әрекет еткеннің екі қолына бір күрек табыларына сенген қазақ жігіті алып қалада тұрып, тірлік етті. Дағдарыс әсері азайып, ағылшын тілін оқуға уақыт таба бастайды. Ағылшын тілін Бруклиндегі колледжде үйренеді.
«Аз төлесе де, елге қызмет еткім келді»
Еркебұлан аз төлесе де, елге еңбек ету мақсатымен Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас Консулдығына жұмысқа орналасады. Ол Бас Консулдың әлеуметтік мәселелер бойынша көмекшісі болып, көбіне қазақтардың басқосулары мен әртүрлі шараларды ұйымдастыруға атсалысады.
Еркебұлан Қазақстанның Нью-Йорктағы Бас Консулдығымен бүгінге дейін тығыз байланыста / Фото Еркебұланның жеке мұрағатынан алынды
– Консулдықта айтарлықтай тәжірибе жинадым. Ол жерде мен 2,5 жылдай еңбек еттім. Сол жылдары елге қайту немесе осында орнығып қалуды шешуім керек еді. Соңы азаматтық алып, түбегейлі америкалық атануға бел будым, – дейді Еркебұлан.
«АҚШ азаматы болсам да, өзімнің қазақ екенімді ұмытпаймын»
Еркебұланның АҚШ-тағы алғашқы 4-5 жыл өмірі ресми құжатсыз өткен. Оның айтуынша, Нью-Йоркте осылай өмір сүруге болады. Әрине бұл – заңсыз. Сондықтан өміріндегі маңызды шешімді қабылдауы тиіс болған.
– Мен Қазақстанға, қазаққа АҚШ азаматы ретінде қызмет етсем, пайдам көбірек болатынына көзім жетті. Мысалы, мұнда тапқан табысымды Қазақстанда инвестиция ретінде жұмсауды жоспарлап отырмын. Нью-Йоркте қазақтың мәдени орталығын ашып, қазақ дәстүрі мен тілінің қазақ текті америкалықтар арасында ұмыт қалмауына үлес қосқым келеді, – дейді Еркебұлан.
Елден кеткен азаматтарды, ал азаматтығын ауыстырғандарды сынға алып, тіпті «сатқын» деп те мінеп жатамыз. Ал Еркебұлан мұндай шешімге қабылдасаң да, қабылдамасаң да баруға мәжбүр болғандығын айтады. Сондықтан АҚШ азаматтығын алғанын үнемі ашық айтып, оны «сатқындық» деп қабылдамайды.
АҚШ-тың алып қаласындағы қазақ басқосуларының бірі / Фото Еркебұланның жеке мұрағатынан алынды
– АҚШ-та «америкалық» статусын алғаныммен, қазақ екенімді бір сәтке болса да ұмытқан емеспін. Америкалық қазақ ретінде қазаққа септігімді көбірек тигізетіндігіме көзім жетті. Тек содан кейін америкалықтардың алып қаласында тұрақты түрде орныға бастадым, – дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз.
Шығыстанушы Еркебұлан – жылжымайтын мүлік агенті
Нью-Йоркке күніне миллиондаған адам келетіндіктен, жылжымайтын мүлікті жалдауға сұраныс жоғары. Ал оны жалдау құны әр 5 жылда 25 пайызға өсіп отырады екен. Ең табысты салалардың бір болғандықтан, Еркебұлан да көп ойланбай, риэлтор болуды шешеді.
– АҚШ-та Қазақстандағыдай кез келген адам риэлтор не брокер бола алмайды. Ол үшін арнайы курстан өтіп, емтихан тапсыруың керек. Ал емтиханнан сәтті өткен соң ғана salesperson (сатушы – ред.) болып жұмыс істеуге рұқсат аласың, – дейді ол.
Еркебұлан соңғы екі жылдан бері жылжымайтын мүлік агенті. U Agency деген компанияда кәсіби біліктілігін шыңдап жүр.
– АҚШ-та риэлтор қызметінің тиімді әрі табысты екені құпия емес. Менің осы салаға бейімделуіме осы фактор негіз болды. Қазіргі таңда, мен айына жеке бизнестен түсетін қаржыны қоса есептегенде 15 мың АҚШ доллары шамасында табыс табамын, – дейді Еркебұлан.
Қазақтарды жұмыспен қамтып отыр
Еркебұланның айтуынша, америкалықтар үнемі қосымша табыс көзін табуға тырысады. Ол – Қазақстандағыдай тендер немесе сыбайлас жемқорлық емес, кәдімгі шағын бизнес. Сол себепті де Торғай тумасы өзінің шағын бизнесін бастауды жөн көріпті.
– Мен шағын бизнесімді peddycab (Манхэттенде туристерді тасымалдайтын велосипед тәріздес күрделі тасымалдау транспорты – ред.) саласында жасауды шештім. Себебі ол сізден уақытты талап етпейді және оған сұраныс жоғары, – дейді Еркебұлан.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қазіргі таңда оның туристерді тасымалдайтын 15 көлігі бар. Оның әрқайсысы 4-6 мың АҚШ доллары көлемінде тұрады. Ал оны бір аптаға жалдау құны – $200.
– 15 азамат менің педдикабтерімді жалға алып, нәпақасын тауып жүр. Олардың жартысына жуығы – өзіміздің қазақ жігіттері. Бірнеше жыл бұрын Манхэттенде туристерді мен де осылай тасымалдаумен айналысқанмын. Егер жақсы тырысып, қарқынды еңбек етсеңіз, күніне 300-800 АҚШ долларын табуға болады. Бірақ ол үшін сіз туристерді баурай алып, оларды көлігіңізді мініп, қыдыруға көндіре білуіңіз қажет, – дейді ол.
Еркебұлан көп қазақтың дәл осы жолмен табыс тауып жатқанын айтады / Youtube-тегі Еркебұланның видеоблогынан скринделді
Педдикаб бизнесі Манхэттенде айтарлықтай дамыған. Себебі қаланы асықпай аралағысы келетін туристерге педдикаб – таптырмас көлік. Педдикаб жүргізушілері клиенттерінен минутына $3-7-дан алады.
Қазақтаун – елден тыс жердегі шағын Қазақстан
Соңғы жылдары АҚШ-қа грин карта ұтып немесе басқа да себептермен кетіп жатқандар саны артып келеді. Олардың бір бөлігі тұрақты түрде жаңа құрлыққа көшсе, тағы бір бөлігі уақытша табыс көзін арттыру мақсатында кетіп жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 20 жылда Қазақстаннан АҚШ-қа 7200 адам грин картамен, ал тағы 1100 адам жұмыс визасымен кеткен.
– АҚШ-та өмір сүретін қазақтардың саны ресми деректерде айтылатын шамадан әлдеқайда көп. Себебі мен сияқты уақытша визамен келіп, қалып қойғандар көп. Оны Нью-Йоркте тұратын қазақтардың әлеуметтік желіде құрған топтары мен ондағы қазақтардың белсенділігінен байқап жүрмін, – дейді Еркебұлан.
Еркебұланның айтуынша, Нью-Йорктің Бруклин округінде қазақтар көп шоғырланған. Оның ішінде Бенсонхерст деп аталатын жерде, әсіресе қазақтар көп тұрады. Еркебұлан болашақта Бруклиннің дәл осы шағын ауданында Kazakhtown құрылса, таңғалмайтынын айтады.
– Қазақтардың көші осы үдеріспен жалғасса, жуырда Қазақтаунның пайда болары анық. Мен қазақтардың басын біріктіретін орталық құруды жоспарлап отырмын. Оны Нью-Йорктегі қазақ мәдени орталығы деп атаймыз. Орталық аясында тіліміз бен салт-дәстүрімізді дамытуға бағытталған шаралармен қатар АҚШ-қа келген отандастарымызға көмек қолын созу жұмыстарымен де айналысамыз. Мысалы, мен АҚШ-қа келген кезде маған көмектесіп, жол көрсететін адам болған жоқ. Басымнан өткен соң, кейінгі келуші буынға көмектескім келеді, – дейді ол.
Еркебұлан қазақстандықтардың Нью-Йоркте алаяқтарға тап болып, бар ақшасынан айырылып қалатын кездері жиі кездесетінін айтады. Work and Travel бағдарламасымен келген бірқатар студентті үйінде қондырып, жұмыс табуына көмектескен.
«Мәдени орталық іс жүзінде қазаққа тиімді болады»
– Туған елден жырақта жүргенде әртүрлі жағдайда тап болуымыз мүмкін. Сондай кезде отандастырыңның қасыңнан табылып, жұмыла көмектесетіні қуантады. Бұл – америкалық қазақтарға жүктелген жауапкершілік деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Еркебұлан Геннадий Головкинмен бірге / Фото Еркебұланның жеке мұрағатынан алынды
Еркебұлан Нью-Йорктегі қазақтар арасында белгілі бір деңгейде сенімге жетелейтін абыройы бар. Ол осы сенімді пайдалана отырып, мәдени орталықтың қорын құрмақ. Қорда жиналатын қаржыны көмекке зәру отандастарымызға, оқыстан қиындыққа тап болған қазақтарға көмек ретінде жұмсағысы келеді. Сонымен қатар, мәдени орталық аясында арнайы хостел ашып, Қазақстаннан енді келген азаматтарды уақытша орналасуына мүмкіндік жасамақ.
– Қорда жиналатын қаржының қайда қай мөлшерде жұмсалауы туралы ашық аудит жүргіземін. Яғни ортақ қаржының жымқырылуына немесе жеке мақсатта жұмсалуына жол бермеймін. Үнемі есеп беріп отырмақпын, – дейді ол.
Еркебұланның айтуынша, мәдени орталықты қаржыландыруға жергілікті билік тарапынан да қолдау алуға болады. Онымен жақын уақытта айналысуды көздеп отыр екен.