Нью-Йорк Таймс: Тұйықсу мұздығы түгесіліп барады

0

Хенри ФАУНТЕЙН,

«Нью-Йорк Таймс»

Англиядағы Рединг университетінің мұзтанушысы Мариа Шагеданова Тұйықсуды тексеруге келген. Бұл әрекетін ол жиырма жылдан бері жасап келеді. Шартараптағы ең ұзақ зерттелген мұздық ретінде Тұйықсу климат өзгеруінің әлем мұздарына әсерін анықтауға көмектеседі.

Қазақстан География институтындағы әріптестерімен бірге Шагеданова Алматыдан 24 шақырым солтүстікке қарай ойлы-қырлы жолдармен ресейлік көлік арқылы жолға шықты.

Жол Кеңес дәуірінен қалған зерттеу стансасына барып тіреледі. Мекеме Тұйықсу секілді бір кезде дәуірлеп тұрған еді. Зерттеушілер мұзды ойып, ішінде қалдырылған құралдардағы есептерді тіркемекші.

Былтыр жазғы еру маусымының соңында команда мүшелері мұздың биіктігін өлшейтін арнайы белгі қалдырған болатын. Бір жылдан кейін институт зерттеушілерінің бірі Николай Касаткин мен Шагеданова ханым еріген мұз көлемінің өзгергенін байқады. Еру маусымының аяқталуына әлі бірнеше ай бар екеніне қарамастан, Тұйықсудың кей бөліктері бір метрге дейін жұқарып кеткен.

Мұздықтар ғасырлар бойы жауып, әбден нығыздалған қардан құралған. Олар Тянь-Шань тауының осы бөлігінде 300 метр қалыңдыққа дейін жетеді. Жазда баяу еріп, өзен суына айналады. Қыста жауатын қар мен жазда еритін мұздың көлемі бірдей емес. Алайда жаһандық жылыну салдарынан еріген мұздың көлемі жауған қардан асып түсіп, мұздықтардың жылдан-жылға азаюына әкеліп соғады.

Екі жарым шақырымға созылып жатқан Тұйықсу жыл өткен сайын кеміп, жұқарып барады. Зерттеу стансасы 1957 салынған кезде Тұйықсу жүздеген метр қашықта жатқан болатын. Қазір мұзға жету үшін бір сағат бойы соқпақ жолмен жаяу жүруге тура келеді. Алпыс жылдың ішінде мұздық километрге дейін қысқарған.

Қазақстанның оңтүстік шығысындағы тауларда болып жатқан оқиға шартараптың түкпір-түкпірінде кездеседі. Гренландия мен Антарктикадағы мұз жабындарын қоспағанда әлемдегі шамамен 150 000-ға жуық мұздықтар жер бетінің 500 000 шаршы километрін алып жатыр. Соңғы қырық жылда ондағы мұз қабаты 20 метрге жұқарған.

Сондай-ақ олардың көбі қысқарып бара жатыр. Анд таулары мен Солтүстік Америкадағы Сеңгір тауларындағы шағын мұздықтар әлдеқашан жойылып кеткен. Тіпті, жылыжай газын шығару көлемі кенеттен азайып кетсе де, әлемнің әр түкпіріндегі мұздықтардың азаюына жеткілікті жылу бөлініп үлгерді.

Мұндай жаһандық жылыну процесі теңіз суының көбеюіне әкеп соғады. Ал ол өз кезегінде су электрін өндіруге әсер етеді. Жойқын тасқындар мен селдер пайда болады. Өзендер мен экожүйелерді бұзады. Ал, мұнда, Тянь-Шаньда жаһандық жылыну адамдар мен ауыл шаруашылығын қамтамасыз етіп отырған суға кері әсер етуі мүмкін. Тұйықсу еріген сайын жылғалар ағысқа айналып, жер бетінен каналдар қазып алады.

Тұйықсу мұздығынан аққан су келе-келе Кіші Алматы өзенін құяды. Осы және басқа да мұздықтардан су алатын өзендер қаланың айналасында ағып жатыр. Олар аймақтағы екі миллион халықты ауызсумен, сондай-ақ егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отыр.

Шагеданова және оның әріптестері Кіші Алматы мен басқа өзендердегі суды зерттеп жүр. Ондағы судың бәрі еріген мұздан келмейді. Кей бөлігі жаңбыр суынан, қардың еруінен жиналады. Кей климат моделдеріне сүйенсек, келешекте мұндай жағдай ұлғая түсуі мүмкін. Бұдан бөлек қатқан тау шыңдарынан, мұздықтар астындағы мұздар мен алып қойтас бөліктерінен еріген су да өзендерге құяды.

Бен К.Соломон, «Нью-Йорк Таймс»

Шагеданова және басқа зерттеушілер өзен қайнарын анықтау үшін судың үлгілерін сараптамадан өткізеді. Олар ағыстың қаншалықты өзгергенін тіркеу үшін ағынды есептейді.

Уақыт өте келе өзендердің қаншалықты өзгеретінін болжау үшін олардың қайнары қайдан келетінін анықтау маңызға ие. Мұздықтың еруі алғашқыда ағынды ұлғайтуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе мұндай процесс ақырғы нүктеге жетіп, еріген су азая береді.

«Ақырында олар қазіргідей сумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан судың басы-қасында жүргендер үшін осы ақырғы нүктеге қашан жеткенін білу маңызға ие», дейді Цюрихтегі Швейцария федеральды технологиялық институтының зерттеушісі Маттиас Хусс.

Ал Қазақстандағы мұздықтардан аққан су келешекте азая береді. Сонымен қатар Орталық Азиядағы басқа да мұздықтар да зиян шегеді. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда жаһандық жылыну қатты әсер етеді. Мұнда Азиядағы алып өзендер бассейнін қамтамасыз етіп отырған сансыз мұздықтар бар. Тибет үстірті бойында, Гималайда, Қарақорым қыраттарындағы мұздықтар саны мыңдап саналады. Ал ондағы өзендерге тәуелді тұрғындардың саны жүз миллионнан асады. Осы жақтан Пәкістандағы Үнді, Үндістандағы Ганг, Қытайдағы Сары және Янцзы, Оңтүстік шығыс Азиядағы Меконг өзендері бастау алады.

Германиялық консалтинг компания FutureWater-дың гидрологі Артур Лютцтың айтуынша, уақыт өте келе жоғарыда аталған өзендер де мұздықтардың шегінуінің зиянын көреді. Әйтсе де, әрқайсына әртүрлі уақытта әсер етуі мүмкін. Мәселен. Үнді өзені қайнарын жаңбыр маусымында жиналатын судан алатын Гангқа қарағанда мұздықтың еруіне көбірек тәуелді.

«Таулардан келетін су көлемі шамамен 2050-ші жылдарға қарай көбею ықтималдығы жоғары», дейді доктор Лютц.

Ал Қазақстанда судың азаюы көп ұзамай басталуы мүмкін. Елдегі фермаларда суды сақтап, өнімділікті арттыратын тамшылатып суару секілді жетілдіру жұмыстары, ақша және бастама көп емес. Алайда, Қазақстан үшін ең бастысы – мұздықтардан бастау алатын өзендер суы азайған кезде суды тиімді басқару менеджменті қажет.

Фермер Алексей Горбатуктың Алматыдан 40 километр қашықтағы Караой деген жерде 150 гектары бар. Ол тамшылатып суару әдісін қолданғысы келеді. Оның су шығынын азайтуға көмектесетінін де біледі. Сондай-ақ ұзақ мерзімде ақшасын үнемдеп, егістігінен көбірек өнім алатын еді. Бірақ әдіс – өте қымбат.

Горбатуктың жағдайы доктор Хусстың айтқанын еске түсіреді. «Таулар мен мұздықтардан келетін судың азаюы – басты мәселе емес. Ең негізгі сұрақ суды қалай тиімді қолдануға тікелей қатысты», дейді ол.

«Нью-Йорк Таймс»​​​​​​​​​​​​​​

Дереккөз: http://egemen.kz/