Nissan компаниясының бұрынғы басшысы Карлос Гон қайта тұтқындалды

0

Жапонияда Nissan және Renault автоконцерндерінің бұрынғы басшысы Карлос Гон тағы да қамауға алында. Токио прокуратурасы наурыз айында түрмеден кепілге босап шыққан Гонға қаржы алаяқтығын жасады деген жаңа айып тақты деп хабарлады бейсенбіде NHK телеарнасы.

Жапон басылымдарының дерегінше, жаңа іс 2012-2018 жылдары Nissan автоконцернінен қаржы жымқырылған деген күдікпен қозғалған. Ол ақша өзгелермен бірге жеке яхта алуға және Карлос Гонның ұлының фирмасына инвестицияға жұмсалған.

Карлос Гонды тұтқындау туралы осымен төртінші ордер беріліп отыр. Токио түрмесінде үш айдан астам уақыт қамауда болған Гон наурыздың басында 9 миллионға жуық долларды кепілге қойып босап шыққан.

Карлос Гон тағылған айыптарды терістеп, оларды өзіне қарсы Nissan басшылығының жасаған іс-әрекеті деп атаған. Ол өзін қайта тұтқындауды «өрескел өктемдік» деп атап, «менің үнімді өшіргісі келеді» деп Nissan компаниясының жауапты тұлғаларын айыптаған.

Nissan өкілдері Карлос Гонды компания мүлкін жеке басына жұмсады, Токио қаржы биржасына берген есептерде өз табысының мөлшерін азайтып көрсетті деп айыптайды. Өткен жылы желтоқсанда сот Гонды қамауды ұстау мерзімін ұзартудан бас тартқан кезде оған өзінің жеке қаржы шығынын Nissan компаниясы есебінен жапқан деген айып тағылған болатын.

Сот Карлос Гонды айыпты деп таныса, ол 20 жылға дейінгі мерзімге түрмеге отыруы мүмкін.

Azattyq