Nike АҚШ туы бейнеленген аяқ киімдерін сауда орындарына шығармайтын болды
Спорт киімдерін шығаратын америкалық Nike компаниясы АҚШ-тың алғашқы туы бейнеленген аяқ киімдерін сауда орындарына шығармайтын болды. Мұндай шешім афроамерикалық футболшы Колин Каперниктің наразылығынан кейін қабылданған. Спорттық аяқ киімдер АҚШ-тың Тәуелсіздік күні яғни 4 шілдеде сауда орындарына түсуі тиіс болған.
Nike-тың өнімдерін жарнамалайтын Каперник компания нәсілшілдік әрі құлдық дәуірді еске түсіретін мұндай символиканы пайдаланбауы тиіс деп мәлімдеген.
Мәселе кезінде америкалық нәсілшіл партиясының символы ретінде пайдаланылған, «Бетси Росс» деп аталатын тудың алғашқы нұсқасында болып отыр.
«Бетси Росс» АҚШ-тың қазіргі туына ұқсайды, тек ондағы қаз-қатар тізілген 50 жұлдыздың орнында дөңгелене орналасқан 13 жұлдыз бар. Аңыз бойынша, бұл туды 1776 жылы Бетси Росс есімді әйел тіккен-мыс. Ондағы 13 жұлдыз отарлауға қарсы шыққан елдегі 13 штатты бейнелейді.
Nike-тің бұл шешімі елде наразылық туғызды. Техас штатының сенаторы Тед Круз компанияның бұл шешімін «отаншылдыққа жатпайды» деп бағалады. Ал Аризона штатының губернаторы Даг Дьюси Twitter парақшасында Гудьир қаласындағы Nike фабрикасының салынуына бөлінген бір миллион доллар грантты кері қайтаратынын мәлімдеді.
Сенаттағы республикалықтардың жетекшісі Митч Макконнелл компанияны бұл шешімнен бас тартуға шақырды. «Егер кей америкалықтар туымызды ұнатпаса, бізде шынымен де проблема бар» деді ол.
Әлеуметтік желіде фирманың өнімдеріне байкот жариялауға үндейтін ұрандар пайда болды.
Дегенмен кей сатушыларға алдын ала жеткізілген спорттық аяқ киімдер StockX онлайн-платформасында құны екі мың доллардан аса сомаға сатылып жатыр. Nike өнімді алған дүкендерден оны кері қайтаруын сұрап отыр.