Несиесін төлей алмай жүргендерге жеңілдік жасала ма?

0

Сенат депутаттары олардың қарызын төлеу мерзімін шегеру мәселесін заң жүзінде шешуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты informburo.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Сенат депутаттары Үкіметтен несиесін төлей алмаған азаматтардың әлеуметтік жағдайы жақсарғанша дейін қарызын төлеу мерзімін кейінге шегеруді сұрады.

Сондай-ақ кепілде тұрған мүлікті бағалар кезде инфляцияны ескеру керектігін ескертті.

2016 жылдан бері аукцион арқылы сатуға шығарылған 1 406 жылжымайтын мүліктің жартысынан астамын банктер нарықтағы бағасынан арзанға сатып алған.

Сенаторлар несиесін төлей алмаған азаматтардың кепілдегі баспанасында уақытша тұруына рұқсат беретін заң қабылдауды ұсынды. Олардың сөзінше, халықтың кепілде тұрған баспанасының пайдасын банк көреді.

Өйткені, аукциондағы мүлікті көбіне нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзанға жеке тұлғалар емес, банк сатып алады. Мысалы, 2015-2018 жылдар аралығында аукционға шығарылған мүліктің 78 пайызын қаржы ұйымдары сатып алған. Соған орай, Сенат депутаттары банк және банк қызметкерлерінің мұндай аукционға қатысуына заң жүзінде тыйым салуды көздеп отыр.

«Оларды қыспаққа ала бермей, қаржылық жағдайын түзегенше банктер мүмкіндік беруі керек. Жалғыз үйініне айырылып жатқан азаматтарға, әсіресе көпбалалы отбасыларға қатысты оқиғаларды көріп-біліп отырмыз», – деді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

Сенаторлардың сөзінше, банкке қарызын төлей алмаған азаматтарды жеке сот орындаушылары шектен тыс қыспаққа алады.

Айта кетейік, биыл шілде мен қыркүйек аралығында Қазақстанда қозғалған 7 мыңнан астам әкімшілік істің 2 338-і жек сот орындаушыларына қатысты болған.