Неміс баланың Қазақ анасына алғысы. Сен тұр

0

Менің әжем Дәмен Тілемісқызы ашаршылық пен соғыс кездерінде көптеген жетім-жесір мен балаларды асырап жеткізген еді. Ермінезді әрі адуынды болғандықтан ол кісі ауыл-аймақ айтатын ерекше тұлға еді. Қырқыншы жылдары Кавказ бен Еділ бойынан халықтарды жер аударып әкеліп тастағанда әжем тағы 2 баланы бауырына басады.

Оның бірі неміс Алфред Лоренц еді. Екінші баланың аты-жөні мен ұлты туралы менде мәлімет жоқ. Мектеп бітірген соң отанына кетті деген. Бір жағдайлар болған болар хабарсыз кеткен екен.

Сол әжемнің Алфред ұлы мектеп бітірген арман қуып Алматыға кетті. Астанада зоотехникалық-мәлдәрігерлік институтты бітіріп, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта қызмет етті. Бірақ жыл сайын еңбек демалысын алғанда анасына келіп тұрды. Әлі есімде ол кісі әр мейрамда әжеме посылка жіберетін. Посылканың ішінде иісі керемет аңқып тұратын Алматының апорты, мата немесе байлауыш сияқты сыйлығы және таза қазақ тілінде анасына өлеңдетіп жазған құттықтау открытка болатын.

Әжемнің төсегінің жоғарғы жағында балаларының суреттері бар әйнектелген рамка ілінулі тұратын. Сол рамканың ең үстіңгі жағында жаңағы Алфред баласы мен Лена деген келінінің суреті бар еді. Намаз оқып Құдайдан тілеу тілегенде әжем сол неміс баласын да айтып отыратын. Ал, неміс баласы болса өле-өлгенше анасының жақсылығын ұмытқан жоқ. Ана мен баланың махаббаты деген сол болар.

Неміс баласы тіпті әжемді сол Ұзынағашқа көшіріп алам деп те айтқан еді. Бірақ туған жерден кетпейміз деген үлкендер орнынан қозғалмады. Ол әкеміз де көп жылдар болды қайтыс болып кетті. Әжемнің де, жаңағы неміс әкемнің де жатқан жерлері жарық, имандары серік болсын! Бүгінгі мейрамға байланысты есіме түсіп кеткендіктен жазып отырмын.

Фейсбуктегі парақшасынан

 

Көрілген: 313    Пікірлер: 0