«Немерелерімнен айырылып қала жаздадым»: Қазақ әйел ішімдікке салынған соң қандай күй кешкенін айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

«Шаңырақ» бағдарламасына берген сұхбатында бизнес жасап жүріп маскүнем болып кеткен әйел басынан өткен оқиғасын бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Әйел

Үш баланың анасы Әлия Амангелдиева бірінші жолдасымен ажырасқан. Бұған некелескен жарының ішімдікті салынып ішуі себеп болған. Осыдан кейін нағашыларына барып, артынша базарға сауда жасауға шығады. Бір жәшік алма сатудан басталған бизнесі жақсы жүріп, үй алады. Алайда жағдайын жасап алған соң ішімдікке салынады. 

Басында базарда тұрған кезде ішімдікті жылыну үшін ішкен. Алайда кейін салынып ішіп, маскүнемге айналады. Қазіргі таңда ол ішімдікке салынғандар тобында емделіп жүр. 

«Осы клубқа барып жүріп өзімнің ауру екенімді түсіндім. Ішімдікке салынған соң балаларымның жүйкесі жұқара бастады. Ағайын-туғандарым уайымдап, мені апармаған жері жоқ. Бұрын ешкімнің көмегін қажет етпейтінмін, тәуелділікті ұнатпайтынмын. Алайда осы араққа келгенде тәуелді болдым да қалдым. Емші, наркология, кодировка, тіпті, шіркеуге дейін бардым», — дейді Амангелдиева. 

Ал психолог маман өз кезегінде әйелдің ішімдікке салынуына күйзеліс әсер еткенін айтты. 

«Ол кісі ер адамдарға тиесілі жүкті арқалап жүр. Қалай десек те, әйелдің ішкі жан дүниесі әлсіз болады. Көп жағдайда төзіп келіп, кейін 40 жасқа келген кезде сынып кетеді. 20 жастағы әйелдің ішімдікке салынғанын көп естімейміз. Егер адам бастапқы кезде келсе, онда бұл тәуелділіктен емдеп жазуға болады. Өнер адамдарын айтпай-ақ қояйын. Өйткені олар — ортада ішіп жүріп үйреніп кеткендер. Ағзасына сіңген десек те болады. Қарапайым адамдардың өмірінде отбасы мүшесі маскүнем екенін жасырын ұстайды», — деп пікір білдірді психолог маман. 

Әлия өзінің жағдайының жақсаруына балалары және айналасындағы емделіп жатқан адамдардың көп көмегі тигенін айтады. Соңғы тоғыз айда ішімдікті ауызға алмаған келіншек өзінің бұл зиянды әдеттен арылғанын жеткізді. 

«Балаларым мен немерелерімнен айырылып қала жаздадым. Ең соңғы сәтте қызым «Бір-біріңді түсінетін адам бар, барып көрші» деді. Мен бардым. Емделіп жатқандарды көріп мотивация алдым», — дейді ол. 

stan.kz