Негрлерге біздің әкім несімен ұнады?

0

Өскемен қаласы әкімінің басы дауға қалды. Шаһар басшысы Жақсылық Омарды «үздік әкім» деп шулаған қара нәсілді жігіттердің видеосы желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Көрген жұрт мұны «қара пиар» деп даттаса, ал әкімдік өздерінің бейхабар екендігін айтып ақталуда. Жалпы біздің елде ақ жағалылардың пиарға әуестігі жаңалық емес. «Еуразия» бірінші арнасы  жарнаманы жаны сүйетін әкімдердің бірнешеуін тізбектеп көрді.  Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Біздің әкімдер басқаны қатырмаса да, өздерін жарнамалауға келгенде алдарына жан салмайды.

Жартылай жалаңаштанған қараторы жігіттер осылайша Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарды әкімдердің үздігі деп мақтап тұр. Ерінбегеннің бәрі мұны көре сала тура мағынада «қара пиардың» нақ өзі деп шулап жатыр. Десе де шаһар басшысының Африкадан жеткен «ып-ыстық» сәлемдемеге ешқандай қатысы жоқ екен.

Әлібек Тұрсымбетов, Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі
«Біздің әкімдіктің бұған ешқандай қатысы жоқ. Арман деген жігіт жасаған. Басты мақсаты сол, қала әкімін қолдап, тұрғындарға, қала әкімінің өзіне де позитивті эмоция сыйлағым келді дейді».

Бұрындары «Пиар» десе тек шоу-бизнес өкілдерінің небір ақылға қонымсыз қылықтары ойға оралатын. Ал қазір ше? Ел ішіндегі әкім қаралар да мұндай жарнаманың жілігін шағып, майын ішіп жүр. Мысалы, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолына айыр ұстап, шөп тиегенін жұрт пиар десе, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың пойызға мінгенін халық хайп деп бағалады.

ДОС КӨШІМ, САЯСАТТАНУШЫ: «Әрине, әкімдердің жұмысы халыққа таныс болуы керек. Олар білуі керек, әкімдердің қалай жұмыс істеп жатқанын. Бірақ бізде екі мәселе бар сияқты. Біріншіден, әкімдер өздерінің жаманын жасырып, жақсысын асырғысы келеді. Әкімдердің өздері емес, қызметшілері болуы керек та. Бұны пиар дейміз, жақсы жағынан көрсету дейміз. Бұл  ауру».

Қазіргі әкімдердің бәрі бірдей жылы кабинетінен шығып, қараша халықтың мұң-мұқтажын тыңдай бермейді. Бұл қызметті пиар менеджерлер алмастырып отыр өйткені. Тегін емес. Қалтасын қампайтып берсеңіз, әлеуметтік желіде мақтауыңды келістіріп, ел алдында жасанды сүйкіміңді қалыптастырып береді.

ДОС КӨШІМ, САЯСАТТАНУШЫ:  «Әкімдер мұндайға әуес болмағаны керек та. Бұлар өздерінің жұмыстарымен айналысуы керек та, халық соның жұмысына баға беруі керек. Оның шығып телевидениеге сөйлескені, оның қолына күрек алып жолдың үстінде тұрғаны қажеті жоқ. Оның жасаған ісін халық бәрі біледі. Халықтан ешнәрсе жасыра алмайсың».

Демек, әкімдердің өзі емес, атқарған ісі елдің назарында болғаны абзал. Саясаттанушылардың пайымы осыған саяды. Айтпақшы, белгілі болғандай, Жақсылық Омарға қатысты даулы роликке тапсырыс берген тұрғын бұл әрекетін әзіл деп қабылдауды сұрап отыр. Ал артынша, әдеттегідей кешірім видеосы да келіп жетті.