Неге ер адамдар тыңдай білмейді?
Бүгін не қызық болғанын немесе сізді ызаландырған бір жайтты айту кезінде сүйіктіңіздің «кешір, не дейсің?» деген кездері бола ма? Бұл жағдайда сіз айғайды бастасаңыз, көмегі боларына күмән бар.
Ер адамның бізді анамыздай не құрбымыздай тыңдайтынын күтеміз. Оның тыңдағысы келмеуінің себептері бар ма?
1-себеп. Оның сізбен келісуін күтесіз
Қарым-қатынастың бастапқы кезінде ол сізді мұқият тыңдайтын еді. Бірақ бірде ол тыңдауды доғарды… Көптеген ару үшін «тыңдау» — «құптау» түсінігімен бір мәндес. Ал ерлер үшін біреудің мәселесі тыңдауды емес, шешімін табуды қажет етеді. Ал егер ол құптауды күтіп отырғаныңызды сезсе, тыңдауды тоқтатады. Себебі ешкім өзінің пікірін ысырып, өтірік құптағысы келмейді.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
Оған өз пікірін еркін айтуына мүмкіндік беріңіз. Еш сын айтпай тыңдайтыныңызды жеткізіңіз. Екеуіңіздің пікіріңіз екі түрлі болатынын түсіне білуіңіз маңызды.
Оның пікірінің астарында оның мінезінің қыр-сыры ашылады. Бұл әдістің көмегімен сүйіктіңізді жаңа қырынан тануға мүмкіндігіңіз бар.
2-себеп. Мәселені егжей-тегжейіне дейін талқылауды жөн көресіз
Нәзік жандылар жағдайды бүге-шігесіне дейін нақтылап айту керек деп ойлайды. Себебі ері жағдайды толықтай түсініп, көзіне елестете алады.
Ал негізінде, ер адамдар «тоқ етерін» күтеді. Олар бүге-шігесіне дейін айтуды қажет емес деп санайды.
Сұраққа жеткенше сіз 5 минут бойы бүкіл жағдайды сипаттап өтесіз. Ер адам үшін бұл тым ұзақ.
Ер адамға сіздің көңіліңіз маңызды. Бірақ ол мәселені толық тыңдаудан гөрі, басты сұрақты біліп, соның шешімін табуды жөн көреді.
Не істеуіңіз керек?
Алдымен сұрағыңызды қойып, кеңес күтетініңізді айтыңыз. Содан соң мәселенің сипатына көшіңіз. Бірақ әңгімеңіз 2-3 минуттан артық уақытқа созылмауы керек.
Арасында «пауза» жасап, пікірін сұрап отырыңыз. Сонда ол сізді тыңдап, әр сөзіңізге мән береді.
3-себеп. Оған әсер етуге тырысасыз
Ер адам қоғамда өз орнын табу үшін мақсаттарына жетуге тырысады. Абырой мен құрмет үшін басқа ер адамдармен бәсекеге түседі. Ең болмағанда, сіз оған бәсекелес болмауыңыз керек.
Қазірде әйел адамдардың ерлерден еш кемі жоқ. Жұмыс та істейді, мансапта да көтеріледі, табысқа да жетеді. Алайда, сүйіктіңіздің алдында жаңа көлігіңізбен, спорттық жетістіктеріңізбен, ұлғайған табысыңызбен көп мақтана бермеңіз.
Бұл әрине оған әсер етеді. Бірақ бұл көбіне оның рөліне лайық екенін ұмытпағайсыз. Өзінің жетістіктерімен таңғалдыру – ерлерге тән қасиет.
Оған сіздің жетістіктеріңізден гөрі, нәзік қылықтарыңыз бен қолдауыңыз қажет. Ал ерлерден асып түсетін, жетекшілік қасиетті бірінші орынға қоятын арулардан ерлер қорқады.
Не істеуіңіз керек?
Оған оның жақсы қасиеттерін айта біліңіз. Жұмыста пайда болған қиындықтарының шешімін таба алатынына сендіріңіз. Оның жетекшілік қасиеттерін дамытуға тырысыңыз.
Дереккөзі: «ЖЖ» топтамасынан