«Не жайлы айтып тұрсыз?» Президент министр Атамқұловтың сөзін бөліп жіберді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Бейбіт Атамқұлов президентке отандық бизнесмендерді мықты инвестициялық база ретінде қолдануға болатынын түсіндірмек болды

НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі қаралды. Осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрінен жауап алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Биыл тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 11,5 процентке азайып отыр. Бұл – алаңдайтын жағдай. Аталған көрсеткіш барлық негізгі сала бойынша төмендегені байқалады. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен тау-кен саласы бар. Сыртқы істер министрі ол туралы не дейді?», — деп сұрады Тоқаев.

Министр Бейбіт Атамқұлов аталған статистиканы мойындады. Оның айтуынша, шетелдік инвестициялардың азаюына сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен.

«Бүгінде үшінші жыл қатарынан әлем бойынша шетелдік инвестициялардың көлемі төмендеп келеді. АҚШ, Қытай, Еуропа одағы сияқты ірі мемлекеттер өз инвестициясын кері қайтарып жатыр. Осыған байланысты көптеген мемлекет инвестициялар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысады. Сөйтіп, ірі державалар арасында да, аймақтық деңгейде де бәсекелестік қыза түсті», — деді Атамқұлов.

Бейбіт Бәкірұлы бәсекеге сай болу үшін сот жүйесін ғана емес, салық пен көші-қон саласын жетілдіру керектігін жеткізді. Сондай-ақ, өз ұсынысын да ортаға салды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады 

«Сіздің айтқан барлық ескертуіңіз дұрыс. Дегенмен, бір маңызды мәселеге назар аударайын деп едім. Бүгінде біз капиталдың Қазақстаннан шетелге шығарылып жатқаны жайында айтпаймыз. Өзіміз өсірген бизнесмендер ақшаны шетелге шығарып жатыр. Бірақ олардың өздері жақсы инвестор бола алады. Ал капиталды шетелге неге шығарады? Себебі өз ішімізде проблема бар», — деді Атамқұлов

Ол, біріншіден,  заңдарды жетілдіріп, шетелдік инвесторлардың ғана емес, отандық инвесторлардың да жекеменшігі мен инвестицияларының тұрақтылығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.

Осы кезде Тоқаев министрді тоқтатып: «Тоқтаңыз, оның бәрі біздің Конституциямызда жазылған ғой. Сіз не туралы айтып тұрсыз?», — деді. Министр Атамқұлов кешірім сұрап, «отандық бизнесмендерді мықты инвестициялық база ретінде қолдануға болатынын айтқым келді» деді.  

Мемлекет басшысы шетелдік инвестицияларды тарту жағынан аймақта аутсайдер болуға болмайтынын баса айтты. Осы жұмыспен құзіретті мемлекеттік органдар да, әкімдер де айналысуы қажет.

 



sputniknews.kz