“Не үшін кешірім сұрауым керек?”: отбасындағы жанжалға әйелдерді кінәлаған депутат сөзін түсіндірді

0

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев палата кулуарында отбасындағы жанжалды көбінесе әйелдер тудыратыны туралы даулы сөзін түсіндірді, деп хабарлайды Kznews.kz Kaz.nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Журналистер қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге тырысып жатқанына қарамастан, депутаттың «әйелдің тілі ұзын болғаннан жанжал туады» деген мәлімдемесі қаншалықты орынды екенін сұрады.

«Біріншіден, сол күні сөз сөйлеген кезде мен барлық ұсынысты және заң жобасын қолдайтынымды бірден айттым. Бұл ер азаматтардың кез келген өрескел әрекеті жазалануы керек дегенді білдіреді және мен мұны қолдаймын. Не үшін екенін де, себебін де айттым. Неге екенін білмеймін, БАҚ бұл бөлігін ескермеген. Екінші нәрсе. Психологиялық құралдарға назар аудардым. Яғни ер адам әйелге физикалық әсер ете алса, әйел адам психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Бұл жерде жанжал міндетті түрде төбелеспен немесе физикалық зорлық-зомбылықпен аяқталуы керек деген сөз емес. Мен кез келген зорлық-зомбылықты мүлдем қолдамаймын, қарсымын», — дейді Анас Баққожаев.

Ол сондай-ақ өз сөзінде отбасы институтын сақтауды тілге тиек еткенін айтты.

«Бұл тұста салт-дәстүрімізге сай, жалпы отбасы ошағын сақтайтын бірінші тұлға — әйел адам. Міне осыған орай сұрақ қойған болатынмын. Яғни тәрбие жұмысынан бөлек, әйел арқылы отбасын сақтауды көздейтін ұлттық дәстүрімізді, мәдениетімізді дамыту үшін тағы қандай шаралар қарастырылғанын сұрадым», — деді ол.

Сондай-ақ депутат отбасын сақтауда әйелдердің рөлі зор екеніне тоқталды.

«Бұл менің жеке көзқарасым, егер әйел мүмкіндігінше сақтауға, яғни жағдайды ушықтырмауға, кез келген жағдайды жақсы аяқтауға тырысса, әрине, отбасы сақталады», — деп атап өтті депутат.

Ол Қазақстан халқынан кешірім сұрайтын дәнеңе де жоқ деп санайды.

Фотосурет: parlam.kz