«Не мектеп, не жол жоқ»: Алматы облысында тұрғындар саяжайға ауыл мәртебесін бермегеніне наразы
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бөлек саяжайының тұрғындары шенеуніктерге ашулы. Себебі саяжайға ауыл мәртебесі әлі берілмеген. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бөлек тұрғындары саяжайға әлі ауыл мәртебесі берілмегесін шу шығарды. Өйткені бұған дейін халықпен кездесу өткізген депутаттардың бірі «елдімекен боласыздар» деп уәде берген. Алайда уәде орындалмапты.
“Сіздер елдімекенге кірдіңіздер, мәслихат депутаттары қол қойды, “бәрі жақсы болады” деп бізді шығарып салды. Бөлек әкімдігінің адамдары да ауыл тізіміне кіресіздер деді. Бәрі арқамыздан қаққаннан кейін мәз болып жүрдік”, – деді Бөлек саяжайының тұрғыны Күлия Құдайбергенова.
“Бөлек ауылдық округіне қарасты қыла ма, жоқ жеке ауыл қыла ма, ол бізге жақсы болар еді. Ауыл мәртебесін берсе енді көп нәрсе өзгереді деген үміттеміз”, – деді бөлектік Айнұр Метербаева.
Тұрғындар саяжайға ауыл мәртебесі берілмегендіктен, мемлекет тарапынан қолдау да жоқ дейді. Саяжайда не мектеп, не балабақша салынбаған. Тіпті қоғамдық көлік қатынайтын жол да жоқ.
“Жедел жәрдем келмейтін де шығар, себебі қалай шақыратынын білмейміз. Олар бізді таба алмайды. Көшеміздің аты да, үйіміздің нөмірі де жоқ”, – деді Бөлек саяжайының тұрғыны Кәдірқыз Өмірәлиева.
Шулаған халық аудандық әкімдікке барды. Алты мың халық тұратын бөлектіктердің мұңын тыңдауға аудан әкімінің орынбасары шықты.
“Бұл ұсынысты біз шешпейміз. Сіздердің жанайқайларыңызды депутаттар арқылы облыстық мәслихатқа жеткіземіз. Заң аясында саяжайды құрған кезде ол жекеменшік дүние болады. Біз оған мемлекттік орган ретінде мына аймақты былай, мынаны былай деп біз айта алмаймыз”, – деп мәлімдеді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Ермаханов.