Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атана ала ма

0

Сербияның Ниш қаласында 9-16 наурыз аралығында бокстан әйелдер арасындағы кезекті әлем біріншілігі өтеді. Аталған додада Қазақстан әйелдер құрамасынан 12 боксшы ел намысын қорғамақ.

Осы орайда аталған чемпионатта медальдан басты үміткер боксшыларымыз туралы қысқаша атап өткенді жөн санадық.

Сербияда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатында 5 аруымыз өздерінің алғашқы дебютін жасайтын болса, өзге боксшыларымыздың алды 7-ші рет жаһандық додада сынға түсуге мүмкіндік алып отыр.

Нақтырақ айтсақ, 48 келі салмақта Назым Қызайбай осыған дейін 2012, 2014, 2016, 2019, 2022, 2023 жылдары әлем біріншілігінде бақ сынап, соның екеуінде чемпиондық атаққа қол жеткізіп, біреуінде қола жүлдегер атанды. Міне, биыл қазақ қыздары арасында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізуді көздеп отыр.

Назым Қызайбай өткен жылы Париж Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған болатын.

50 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген Алуа Балқыбекова осыған дейін әлем біріншілігнде 3 мәрте (2019, 2022, 2023) бақ сынап көрген. Ол 48 келі салмақта 2022 және 2023 жылдары әлем чемпионатының күміс, қола жүлдесін иеленген. Енді, міне биыл төртінші рет тағы да жаһандық жарысқа аттанып барады.

54 келі салмақта сынға түсіп жүрген тағы бір бұрымды боксшымыз Жайна Шекербекова да осыған дейін 5 мәрте (2012, 2016, 2018, 2022, 2023) әлем біріншігінде ел намысын қорғады. 35 жастағы жерлесіміз 3 мәрте әлем чемпионатыда жүлдегерлер қатарына кірген. Қазіргі сәтте де ел ішінде өз салмағында үздік екенін дәлелдеп келеді. Міне, биыл алтыншы әлем чемпионатына қатыспақ.

57 келі салмақта сынға түсіп жүрген тағы бір бұрымды боксшымыз Карина Ибрагимова осыған дейін 3 мәрте (2018, 2022, 2023) әлемдік бәсекеде бақ сынап, барлығында жүлдегерлер қатарынан көрінген. Міне, биыл 4-мәрте әлем чемпионатына аттанбақ.

Айта кетейік, Карина Ибрагимова өткен жылы Париж Олимпиадасына қатысты. Өкінішке қарай Олимпиаданың жүлдесі бұйырмады.

63 келі салмақта сынға түсіп жүрген боксшымыз Аида Әбікеева осыған дейін екі рет (2022, 2023) әлем біріншілігінде сынға түскен. Міне, биыл үшінші рет аталған додада бақ сынамақ.

75 келі салмақта тағы бір отандасымыз Надежда Рябецте осыған дейін 2 мәрте (2022, 2023) ел чемпионатында ел намысын қорғады. Соңғы біріншілікте қола жүлдегер атанып қайтқан болатын. Сонымен қатар Надежда Рябецт Токио Олимпиадасында ел намысын қорғағанын да айта кетейік. Міне, биыл ол үшінші рет тағы да әлемдік додаға аттанып барады.

81 келі салмақта Гүлсая Ержан осыған дейін 2022 жылы әлем біріншілігінде сынға түскен болатын. Бұл оның екінші жаһандық додасы болмақ.

Ал 52 келі салмақта Анита Адишева, 60 келіде Виктория Графеева, 66 келіде Жасмин Қизатова, 70 келіде Наталья Богданова және +81 келі салмақта Елдана Талипова әлем чемпионатына алғаш рет қатыспақ.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған әлем біріншілігінде ел намысын кімдер қорғайтыны туралы жазған болатынбыз.

https://kaz.inform.kz/news/nazim-kizaybay-ush-durkn-alem-chempioni-atana-ala-ma-cf6a32/