Home Жаңалықтар Назгүл Қожабек: Өзімен өзі екі қыз бір-бірімен жатып жүр. Жата берсін

Назгүл Қожабек: Өзімен өзі екі қыз бір-бірімен жатып жүр. Жата берсін

0
5587
Назгүл Қожабек. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

8 наурызда Алматыда өткен феминистер шеруі әлі де ел аузында. «Неге» ток-шоуындағы тартысты пікірталаста Феминита қозғалысының негізін қалаушы митингті кімдер қаржыландырғанын айтып берді. Телебағдарламада айтыскер Балғынбек Имашев әйелдер құқығы елімізде жеткілікті деңгейде қорғалып жүргенін айтса, Қазақстан ата-аналар одағының мүшесі Бағила Балтабаева ЛГБТ құқығын қорғауға түбегейлі қарсы пікір білдіріп, олардың өкілімен ашық текетіреске барды. Ал филолог, журналист Назгүл Қожабектің нейтрал ұстанымы желіде қызу талқыға түсті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Акцияны өткізуге өтініш білдірген ұйымдардың бірі «Феминита» қозғалысының негізін қалаушы Гүлзада Сержан митингті қаржыландыру көзін мәлім етті.

«Кімдер қаржыландырғаны турасында айтар болсақ, мұндай шерулерге шеттен қаржыландыруға тыйым салынғандықтан, бес ұйымның мүшелері бір кісінің атына ақша жинадық. Негізі біз халықаралық қорлардан көмек аламыз. Орталық Азияның адам құқығын қорғаушылар бірігіп жұмыс істейміз. Қырғызстан арқылы көмек келіп жатады», – дейді Гүлзада Сержан. 

Айтыскер Балғынбек Имашев дискриминацияға ұшыраған адамдардың құқығын қорғау жөніндегі сұраққа біржақты кесіп жауап бермеді. Ақынның сөзінше, заңды тұрғыда барлығының құқығы қорғалған.

«Жаңағылардың (ЛГБТ) құқығы қорғалу керек пе дегенде, қалай енді… Жалпы адам баласы ғой. Олардың барлығы құрметтелуі, қастерленуі керек, ардақталуы керек. Біздің Конституциямызда, басқа да халықаралық нормаларда дініне, жасына, жынысына тағы басқа нәрселерге байланысты ешкімді зардап шектіруге, құқығын бұзуға хақысы жоқ. Яғни заңдық тұрғыда барлығы қорғалып тұр. Әйелдің де, еркектің де. Тіпті, керісінше қоғамда әйелдің құқығы көтермеленіп кеткен деп ойлаймын. Өйткені зардап шегіп жатқан еркектер көп. Әйелдері балаларымен тастап кеткен еркектер бар», – деді айтыскер.

Балғынбек Имашев қоғамда бұрын жасырын болып келген мәселенің қазір ашық талқыланып жүргенін алға тартты.

«Мен оларды айыптап, жазғырып, көшелерде зорлық-зомбылық көрсетіп , ұрып-соғуды жақтамаймын, оның түпкі тамыр қайдан шықты, соны анықтау қажет деп ойлаймын. Жас күнінде психологиялық соққы алып, біреулерден зорлық-зомбылық көргендер болуы мүмкін. Біз оларға рухани жағынан көмек беру керекпіз. Бірақ қорғау деген оларды жарнамалап елдің бәрін тарту емес», – деді өз пікірін нақтылай келе айтыскер.

Ал Қазақстан Ата-аналар одағының мүшесі Бағила Балтабаева елімізде жыныстық азшылықтың құқығын қорғау мәселесіне түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Ол студияда ЛГБТ өкілі Гүлзада Сержанмен текетіреске дейін барды.

«Түбегейлі қарсымын ЛГБТ деген нәрсеге. Біз мұсылман мемлекетіміз, біз қазақпыз. Мына жерде ішім ашып тұрғаны – бастаманы көтеріп жүрген кісілердің өзі Сыр елінен келген келіншектер, апаларым деп айтсам боалды. Осындай қазақ апаларымыз мемлекетке іріткі тастайтын дүниелерді бастама етіп жүргеніне ішім ашып тұр. Сондықтан мен ашық айтамын. ЛГБТ*ға қарсымын. Олардың құқығын қалай қорғайды. Оларды біреу ұрып жатыр ма , өлтіріп жатыр ма, қуып жатыр ма, тепкілеп жатыр ма?» – деп кесіп айтты Бағила Балтабаева. 

Ал журналист Назгүл Қожабек ЛГБТ қауымына толерант көзқарасты ұстанататын жеткізді.

«Мен гомофоб та емеспін, ЛГБТ өкілі де емеспін. Мен толерантпын. Ешкімді жақтап тұрған жоқпын. Олар (ЛГБТ – ред.) өмір сүруге құқылы. Мысалы ЛГБТ өкілі өте қайырымды, ешкімге зияны жоқ, ешкімге саусағының ұшын тигізбеген, өзімен өзі жүрген, адамның бір тал шашына зиян тигізбеген адам делік. Ешкімнің ала жібін аттамаған, қиянат қылып малын тартып алмаған. Өзімен өзі екі қыз бір-бірімен жатып жүр. Сізге де, маған да қатысы жоқ екі қыздың. Жата берсін. Неміз бар оларда?», – деді Назгүл Қожабек.

Филолог сонымен қатар қазақ әйелдерінің қандай құқықтары бұзылып жатқаны хақында сөз алды.

«Қазақ әйелдерінің құқығы тапталып жатыр ма? Бір ғана мысал айтайықшы. Әрқайсысымыз өмірде бір рет болса да, желіде тараған мынадай мазмұндағы видеоны көрдік. Шырылдаған жас қыз бір үйден кеткісі келіп тұрады. Оның алдында төрт-бес әйел отырады, жігіттері де бар. Ол қызды күштеп, басына орамал тағады. Осындай жағдай болып жатса, біз Қазақстанда әйелдің құқығы тапталмай жатыр деп айта алмаймыз», – деп түйіндеді ол сөзін. 

Журналистің ЛГБТ турасындағы көзқарасын сынаушылар табылды.

«Екі қыз жатыр, жата берсін деп несіне күледі? Екі қыздың адамдық құқығы бұзылып жатқан жоқ па? Феминизмді қолдап отырған əйелдердің сөзінің еш мағынасы жоқ», – деп пікір қалдырды желі қолданушыларының бірі.

«Масқара, филологтың айтып тұрғанын қара. Күледі тағы. Жата берсін қызбен қыз деп күледі. Ойбай мынандай филологтан Алла сақтасын. Алла сана берсін», – деп шулады желідегілер.